Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар биыл Күннің тұтылуын көре алады: Обсерватория қызметкерлері аспанда қандай құбылысты бақылауға болатынын айтты

Алматының тауларында орналасқан обсерваториялар жайлы біреу білсе, біреу біле бермейді. Түрлі мамандық иелерінің басын біріктіріп, жұлдыздар мен шексіз ғаламның құпиясы зерттелетін мұндай орталықтар бүгінде туристер жиі келетін орындарға айналған. Stan.kz тілшісі қаладағы осындай обсерваториялардың біріне барып, институт қызметімен танысып қайтты. телескоп

“Каменское плато” обсерваториясындағы мұражай экспонатына айналған телескоп

1941 жылы негізі қаланан В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институты бүгінгі таңда Қазақстандағы астрономия және астрофизика салаларын зерттеу бойынша жетекші орталықтың біріне айналған. Бүгінде институт еліміздің стратегиялық нысандарының қатарына енгізілген. Мұндағы мамандар ғарыш денелерін бақылап қана қоймай, компьютерлік модельдер жасап, теориялық зерттеулер жүргізеді. 

Биыл Қазақстанда қандай астрономиялық құбылыстарды бақылауға болады?

Астрофизика институтының қызметкері Светлана Мошкина биыл Қазақстанда бақылауға болатын астрономиялық құбылыстар жайлы айтып берді. Оның айтуынша, 2022 жылдың айрықша құбылыстары тамыз айында басталады. 

“16 мамырда Ай тұтылды, бірақ ол Қазақстан аумағынан көрінбеді. Ал 12-14 тамыз аралығында Персеида метеорит ағыны басталады. Бұл кезде Ай толатындықтан, біз тек ең жарықтарын көре аламыз. 14 тамызда Сатурн қарсылығы болады, яғни Күн ұясына батқан соң Шығыста Сатурн көтеріледі. Планета қараша айына дейін көрінеді. Бұл кезде Сатурнды телескопсыз да бақылауға болады. 26 қыркүйекте Юпитер де кешкі уақытта көтеріледі”, – деді Светлана Мошкина. 

Маманның сөзінше, 25 қарашада ауа райы бұлтсыз болса, Күн тұтылуын анық көруге болады.

“Күннің 76%-ын Ай жабады. Алматыда бұл құбылыс 16:26-да басталып, 17:35-те максималды сатысына жетеді. 18:37-де Күн тұтылу аяқталады. Тағы бір қызықты құбылыс – 8 желтоқсандағы Марстың қарсылығы. Кешкі уақытта көтерілетін Марс өте биіктен, жарқырап көрінеді. Біз Марстың қарлысығын тек екі жылда бір рет қана бақылаймыз”, – деп аяқтады Светлана Мошкина. 

Планетаның айналасы қоқысқа толған

Институттың жетекші маманы, Астрофизикалық бақылаулар бөлімінің меңгерушісі   Александр Серебрянский мекеменің басты мақсаттарының бірі ғарыштағы "KazSAT 2" және "KazSAT 3" жасанды серіктерін бақылау екенін айтады. 

"Бұл жерсеріктер Қазақстан үшін өте маңызды. Обсерваторияда телескоптар мен өзге де құрылғылар арқылы жасанды серіктерді қарап отырамыз. Бізде "бокс" деген ұғым бар, яғни жер серігінің айналасында 3 шақырым болатын ойша текше сызамыз. Егер бұл текшеге өзге серіктер немесе ғарыш қоқысы жақын келсе, серіктің қозғалысын басқаратын арнайы ұйымдарға ескертеміз. Осылайша жасанды серіктерді ықтимал қауіптен құтқарамыз", – деп бастады сөзін маман. 

Астрофизик ғарыштағы жерсеріктердің басым бөлігі істен шыққан дейді. Салдарынан Жердің айналасы қоқысқа толып кеткен. Бұл тек ғана өзге жерсеріктердің қозғалуына емес, өзге галактикаларды зерттеуде кедергі келтіреді.

"Қазір "Кесслер синдромы" деп айтып жүрміз, яғни екі дене соғылып, салдарынан ұсақ сынықтар пайда болады. Ал бұл сынықтар бұдан да көп сынықтардың пайда болуына әсер етеді. Нәтижесінде қоқыстар көшкіні туындайды. Ал зерттеуге келетін болсақ, жерсеріктердің көбеюі алыс галактикаларды бақылауға кедергі болады. Тіпті ұшып келе жатқан астероид немесе кометаны да байқамауымыз мүмкін", – деп түсіндірді ол.

обсерватория

Маманның сөзінше, қазір ғарыш кеңістігін зерттеу, жерсеріктер мен өзге денелерді бақылау үлкен мәнге ие болып отыр. Себебі кез келген сала тікелей ғарышпен байланысты дейді ол. 

"Қолымыздағы гаджеттердің жұмысы, ғаламтор, навигация жүйесі, тіпті ауыл шаруашылығында да ғарыштың маңызы зор. Жерсерігінен бақылау жүргізу арқылы қай егістік алқабына су қажет екені анықталады. Тіпті Күннің түсуі нарықтағы бидай бағасына белгілі мөлшерде әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен технологияның дамуына астрофизика көп үлесін қосты. Біз білетін Wi-Fi-дың да тарихы астрофизикадан бастау алады", – деп түсіндіріп өтті ол.

Бұған қоса ол ғарыш әлемін зерттеуде Қазақстан толағай табыстарға жеткенін сөз етті.  

"Ғарышты бақылауда Қазақстан алдыңғы орында деуге болады. Қазір Алматыда үш обсерватория бар. Ең алғашқы ашылғаны біз тұрған "Каменское плато", 1 450 метр биіктікте орналасқан, екіншісі Үлкен Алматы өзенінің жанында, ал "Асы-Түрген" обсерваториясы алыс ғарышты зерттеуге бағытталған. "Асы-Түрген" обсерваториясы бірнеше жыл бұрын озық технологиялармен жабдықталды. Ол жерде әлемде баламасы жоқ құрылғылар орнатылған. Бұл өзге ғаламшарлардың беймәлім құпияларын ашып, көптеген сұрақтардың жауабын алуға көмектеседі", – деді Серебрянский. 

обсерватория

Жерге үлкен астероид соғылады

Ғарыш зерттеушісі Қазақстанның әлемдік тәжірибелерге белсене қатысатынын қосып өтті. Солардың бірі әлемді дүрліктірген Апофис астероидының бағытын зерттеу болған.

"2029 жылы Жерге Апофис астероиды соғылады деген ақпарат тарады. Мұны тексеру үшін шетелдік ғалымдарымен бірге тәжірибе жүргіздік. Арнайы есептеулердің нәтижесінде бұл астероидтың әлі 100 жыл Жерге қауіп төндірмейтінін білдік. Дегенмен бұл аласапыраннан қашып құтыла алмаймыз. Астероид күндердің-күнінде планетамызға соғылады. Апофис шамамен 300-350 метр болады. Бірақ соққы бір-екі қаланы немесе мемлекеттің бір бөлігін жойып жібере алады және қуаты бірнеше жүз мегатоннаға жетеді", – дейді маман. 

Александр Серебрянский

Александр Серебрянский, Астрофизикалық бақылау бөлімінің меңгерушісі

Ғалым осы тұста ғарыштан төнетін қауіп пен астероидтар жайлы да айтып берді. Ол жерсеріктердің көбеюі салдарынан қауіпті денені өткізіп алуымыз мүмкін дейді. 

"Біз білетін комета қар мен мұздан тұрады. Алайда оның түсі күйеден де қара. Алдын ала байқау үшін Жерге жақындауы керек. Ал метеоритті іздеу тіптен қиын. Мұны "қараңғы бөлмеде қара мысық іздеумен" салыстырамын. 2013 жылы Челябинскке құлаған метеоритті еске алайық. Ол аяқ астынан пайда болды. Мамандар оны байқап үлгерген жоқ. Салдарынан бір қала зардап шекті, 2 000-нан аса адам жарақат алды", – дейді астрофизик. 

Ғарыштан төнетін 10-нан аса қауіп бар

"Астрономдар, астрофизиктер табысты көздемейді. Біз 100-200 жыл алдыға қарай жоспар құрамыз. Себебі бізге балаларымыздың, ұрпақтарымыздың алдындағы жауапкершілік маңызды", – дейді ол. 

Маманның айтуынша, ғарыштан төнетін қауіп өте көп, бірақ болу қауіпі төмен. Әйткенмен көпшілікті дүрліктірмеу үшін астрофизиктер ықтимал қауіптер жайлы айта бермейді екен. 

"Мен жақындарыма да “Бұны білмей-ақ қойыңдар” деп айтамын. Метеорит секілді ғарыш денелері Жерге күнде құлайды. Бірақ біз мұны байқамаймыз. Көпшілігі атмосферада жанып кетеді немесе мұхитқа түседі. Бұдан бөлек Күндегі жарқылдар, короналды заттардың бөлінуі Жердің геомагниттік жағдайына әсер етеді. Мұндай кезде техникалар, құрылғылар істен шығуы мүмкін. Мұндайда біз не істей аламыз? Мысалы, алдын ала құрылғыларды өшіріп тастауға болады", – деп түсіндірді Серебраянский. 

институт

Астрофизик Жерден ұшырылған серіктердің де құлауы мүмкін дейді. Бұл қоршаған орта үшін үлкен зиянын тигізбек. 

"Мәселен, КСРО кезінде жасалған жерсерік Канадада құлады. Бұл құрылғыда радиоактивті заттар болған. Әрине, табиғатқа да зиян келді. Құлаған орны тазартылғанымен, арты үлкен дауға ұласты", – деп еске алды маман. 

Күндегі жарқылдар адамдарға расымен де әсер етеді

Астрофизиктің сөзінше, ғарыштағы құбылыстар тек құрылғыларға ғана емес, адамдарға да әсер етеді. 

"Күндегі белсенділік салдарынан 10 шақырым биіктікте ұшатын ұшақтарда құрылғылар істен шығуы мүмкін. Ал адамдарға келсек, бірінде бас ауырады. Келесі адамда қан қысымы жоғарылап кетеді. Тіпті ауа райына да әсер етеді. Мұны арнайы мамандар анықтап отырады", – дейді Александр Серебрянский. 

Жұлдыздарға қарағанда жанымызда ұшып жүрген көбеліктің адамға әсері көбірек

Александр Серебрянскийдің айтуынша, астрологтар жұлдыздардың орналасуын тек туған күнмен байланыстырады. 

"1980-жылдары ғалымдар мен астрологтар ғылыми тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде астрологияда сәл қателік кетсе, өтірік ақпарат тарайтыны анықталды. Мәселен, бүгін суқұйғыштарға жолда абай болу керек дейді жұлдызнама. Сонда басқа кезде жол ережесін сақтамау керек пе? Мұның барлығы әр адамға қатысты айтылатын дүниелер. Екінші нәрсе, астрология мыңдаған жыл бұрын пайда болды дейді. Ал Уран, Нептун сынды планеталар 300 жыл бұрын ғана ашылған. Бұрын адамдар планеталар жайлы білмеді. Сондықтан барлық нәрсені сараптай алған жөн", – деп түсіндірді астрофизик. 

 

Маман адамдарға жұлдыздардан бөлек әсер ететін өте көп құбылыстар бар дейді. 

"Аспандағы жұлдызға қарағанда, бізге жанымыздан ұшып өткен көбелектің әсері көбірек. Айта кетейін, астрологияда жұмыс істеген адам бұл саладан тез ауысып кеткісі келеді. Себебі бұл іш пыстырарлықтай жұмыс. Ал астрофизиканың қыры мен сыры өте көп", – деп қосты ол. 

30 жылдан кейін өзге ғаламшарлықтардың бар екенін дәлелдейтін алғашқы белгілерді аламыз

Александр Серебрянский ғаламда Жерден басқа тіршілік иелерінің болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Айтуынша, қазір біздің планетамызға ұқсас 10-нан аса планета анықталған.

"Джорджиано Бруно өзге де әлемдердің бар екені туралы айтқан. Мен басқа ғаламшарларда өркениеттің бар екеніне сенемін. 30 жылдан кейін алғашқы белгілерін көреміз. Әрине, бұл ұшатын аппараттар немесе жасыл адамдарды емес. Бірақ өзге планетада тіршілік иелері бар екенін көрсететін белгілерді аламыз. Қазір кей планеталардың өз атмосферасының бар екені байқалады. Әзірге толық зерттейтін құрылғы жасалып жатыр. Сонымен қатар 2021 жылы ғарышқа ұшырылған Джеймс Уэбб телескобы бізге көп ақпарат береді", – дейді Серебрянский. 

институт

Астрофизик бір планетадан екіншісіне қысқа уақытта жету үшін заманауи технологиялар  керек екенін жеткізді. 

"Біздің "Құс жолы" галактикасында алыс планеталарға жету үшін ондаған жарық жылы керек. Егер технология сондай дәрежеге жетсе, біздің өмірге деген көзқарасымыз өзгереді. Ал қазір "Неліктен өзгеғаламшарлықтар бізбен сөйлеспейді?" деп сұрайды. Ал сіз құмырсқамен қаншалықты жиі сөйлесесіз? Құмырсқаның бар екенін білесіз, бірақ басып кетпеуге тырысасыз. Біз де өзге ғаламшарлықтар үшін құмырсқа секілдіміз. Әзірге олармен сөйлесетін деңгейге жетпедік", – деп түйіндеді маман. 

Талқылау