Тоқаев пен Кипр президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр президенті Никос Христодулидис Астанада шағын құрамда келіссөз өткізді. Тараптар саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, инвестиция, сауда, көлік қатынасы мен Еуропа Одағымен әріптестікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Кипр арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай нығайған.
“2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Екі елдің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын”, – деді Тоқаев.
Никос Христодулидистің сөзінше, бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Кипр арасындағы байланысты нығайтуға және Еуропа Одағымен ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
“Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сонымен қатар Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазір еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін”, – деді Кипр президенті.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр