Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді қазақ деп ойлап қала береді": Қазақстанға көшіп келген якуттық жұп жаңа елдегі өмірі жайлы айтып берді

Лера мен Витя осыдан бірер ай бұрын Якутиядан (Саха Республикасы) Қазақстанға қоныс аударған. Ресей Украинаға соғыс ашқан соң бұл жағдай Якутияға да әсерін берген. Саяси көзқарастарға қатысты аяқ-асты көшіп кеттік деген жұп Қазақстанға бұған дейін де келіп, ұнатып қалған. Осы себепті де ТМД елдері ішінде елімізде тұруды ұйғарған. Олардың сөзінше, қазақ тілі мен якут тілі ұқсас. Ал экономикасы мен климаттық жағынан өмір сүруге Алматы қолайлырақ. Сахалық жұптан Қазақстандағы өмірі, Якутиядағы тілдің жағдайы, экономикасы мен ұлтшылдық мәселесі туралы сөйлестік.  

Қазақстанға көшуге себеп – саяси жағдай

29 жастағы Витя Саха Республикасында (Якутия) Намцы ауданында Хамагатта ауылында туып өскен. Содан соң білім алу мақсатында Якутск қаласына көшеді. Сол жерде Мәдениет өнері инстиутын бітірген.

Видео және фото бойынша сабақ береді, оқытушы, сондай-ақ, коммерциялық тапсырыстарды қабылдайды.

Жұбайы Лера – биолог-химик. Якутск қаласында дүниеге келген. М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералдық университетінің жаратылыстану ғылымы бағыты бойынша оқыған.

“Біз саяси көзқарастарға байланысты көшіп кеттік. Ұстанымымыз сәйкес келмейді”, – дейді ерлі-зайыптылар.

Көшу туралы бұған дейін де ой болған

Бірақ осылай жылдам көшіп кетеміз деп ойлаған жоқпыз дейді жұп. 

“Барлығын егжей-тегжейлі жүзеге асырғымыз келген. Бастапқыда Санкт-Петербург, содан соң Еуропа, Канадаға барғымыз келді. Біз 2019 жылы Қазақстанға келген болатынбыз. Алматы қаласы қатты ұнады. Ол сондай жап-жасыл, жайлы, инфрақұрылымы жағынан да ұнаған еді. Бізге бір қарағанда турист деп ешкім ойламайды.

Қазір неге бұрын Қазақстан туралы ойламадық екен деп қоямыз. Біз осында болдық қой, бізге ұнады. Алғаш келгенде жақсы әсер алдық. Ол кезде саяхаттау үшін келгенбіз. Алматыда болдық, Шарын шатқалына бардық”, –дейді Витя мен Лера.

“Қазақстаннан тамаша әсер алдық”

Жұптың сөзінше, Қазақстанға екінші рет келіп, ұзақ уақытқа тұрақтаған соң Алматы қаласы одан ары ұнай түскен.

“Одан ары жақсы әсердеміз. Бесік арбамен жүре беруге болады екен. Қазір Алматы, Қазақстан одан ары бізге ашылып жатыр”, – дейді отбасы.

Якуттар мен қазақтар арасындағы ұқсастықтар

“Әрине, әртүрлі екеніміз сезіліп тұрады. Сырттай қарағанда өзінің мәдениеті мен дәстүрі бар екі түрлі ұлтпыз. Алайда кейбір ұқсас тұстары байқалады. Мәселен, бізде бар проблема сіздерде де бар. Ұлттың өзін-өзі анықтауына байланысты мәселе, тілдік мәселе.

Ал тіл өте ұқсас. Бұл деген мен сізді түсінемін деген сөз емес. Бір-біріне ұқсайтын сөздер бар. Сөздерге жалғанатын қосымшалар ұқсайды. Мәселен, “бала – балалар”. Бізде “ұғо – ұғолар” болады, Сондай-ақ, шина – шиналар деген сияқты”, – дейді Витя.

Тұрмыстық ұлтшылдық туралы

“Тұрмыстық ұлтшылдық якуттардың тарапынан болуы мүмкін. Мәселен, Якутскіде “Пәтер Сахалық отбасыға ғана жалға беріледі” деп жазылуы мүмкін. “Неге якут тілінде сөйлемейсің?” деген сияқты нәрселер бар. Негізі бұл барлық жерде бар. 

Егер Питерге барсақ, ол жақта да кездестіруге болады. Ал Қазақстанда бізге қатысты қандай ұлтшылдық болуы мүмкін? Халық біздің якут ұлтынан екенімізді білмейді де”, – дейді жұп.

“Қазақ тілін білмегенім маған қатысты мәселе”

Айтуларынша, өздерін қазақ деп ойлап қалатын жағдайлар жиі болып тұрады.

“Бізге қазақ екен деп қазақша сөйлейтіндер бар. Кейбір сөздерді түсінесің. Иә деп жауап бересің. Кейде бірдеңе сұрағанда, түсінбей қаласың. Мен бірден якутша сөйлеп, қазақ емес екенімді айтамын. Егер мен сіздерді түсінбеймін десем, бұл адамды кеудесінен итергендей болады. Олар бізді қазақша түсінбейтін қазақтар деп ойлап қалуы мүмкін. 

Менсінбей тұрғандай көрінеді, мұндай әсер қалдырғым келмейді. Мен тек қана якутша айта аламын. Кеше мен поштада тұрған кезде қазақ тілінде сұрақ қойды. Мен оларды түсінбедім. Сөйтсем, менен “Осы жерде кезекте тұрсыз ба?” деп сұрапты. Не айтарымды білмей тұрғанда, кезегім өтіп кетті. Бұл – проблема емес, қазақ тілін білмегенім менің проблемам, – дейді Витя.

Қазақ тілін үйрену жоспарда бар

“Әрине, базалық тұрғыдағы білім қажет болады. Қарапайым дүкенге барып бірнәрсені сұрауға, саған келіп сұрақ қойғанда түсіне алатындай. Ең бастысы, біз осы елде тұратын болғандықтан соған сай икемделуіміз қажет. Мен мысалы, сахалық-француздық мектепте оқыдым. Бізге француздар келетін. Олар біздің саха-якут тілін оқыған кезде, мен таңғалатынмын. Бұл жерде тілге, елге деген құрметті көруге болады”, – дейді ерлі-зайыптылар.



Якут тілінің жағдайы

Якуттық жұптың сөзінше, туған тілдеріне қатысты мәселелер елде бар. Якут тілімен қатар халық орыс тілінде сөйлейді.

“Ауылды жерлерде барлығы якут тілінде сөйлейді. Ал қалалы жерлерде тілді ұмыт қалдырып, орыс тілі басым түскен тенденция бар. Тіпті менің өзім де сол қатарданмын. Менің анам якут тілін білмейді, орыс мектебінде білім алдым. Якутша түсіне аламын, бірақ сөйлей алмаймын. Кейіннен тілді оқып, үйрене бастағанымда дұрыс жеткізе алмайтындығыма қатысты пікірлер болды. Солай оқымай қойдым. 

Жалпы, тілге қатысты мәселе тек якут тіліне қатысты емес, бұл жалпы барлық тілдерде бар мәселе. Бұл қолданушылары саны жағынан аз емес қазақ тіліне де қатысты. Менің ойымша, бұл жаһандануға тікелей байланысты. Яғни, жаһанданудың жақсы жақтары да, кемшіліктері де бар. 

Бұл мәселеде халықтың өзіне қозғалыс керек, контент жасап, дамыту қажет. Яғни, белгілі бір ауқымда қадағалап отыру мүмкін емес. Бүкіл халыққа шығып: "Қазақ тілін оқыңдар!" деп айта алмайсың. Тіл үйренуге деген жағдайды қалыптастыру керек. Мысалы, ағылшын тіліне деген сұраныс сияқты. Яғни, қажеттілік болу қажет”, – дейді Витя.

Якутия – алмас пен мұнайға бай ел, бірақ кедей тұратын өңірлер де бар

Салыстырмалы түрде Якутияның басқа өңірлеріне қарағанда тұрмысы жақсы дейді якуттық жұп.

“Себебі, бізде алмас, мұнай өте көп. Кедей тұратын өңірлер бар, бірақ барлығы емес. Соңғы орын алып жатқан жағдайларға байланысты кейбір тауарлардың құны екі есеге дейін өскен. Әлеуметтік, тұрмыстық азық-түлікке қатысты тауарлар қадағалауда, яғни қатты қымбатшылық байқалмайды. Қағаз, техниканың бағасы өсті. Көптеген жеке кәсіпкер Instagram сияқты әлеуметтік желілер арқылы жұмыс жасағандықтан жапа шегіп отыр. Жағдай тұрақты емес, үнемі күйзеліс, жайсыздық.  Бұл саяси мәселеде қолдайтындар да, қарсы келетіндер де жетіп артылады. 

Баға бойынша үлкен айырмашылық көремедім. Бірақ, жеміс-жидек арзан. Бұны жеміс-жидектің бізде өспейтіндігіне, логиститикасына байланысты қарастыруға болады. Басқа қарапайым тауарларды қарайтын болсақ, 25-30 пайызға арзанырақ. Оның үстіне, біз келгенде бағаның көтерілгендігін айтқан болатын. Яғни Қазақстанда бұдан да арзан болған.

Пәтерді жалға тұру, жалға алу бағалары да бірдей. Бұл жерде салыстырмалы түрде ыңғайлы. Климаттық тұрғыда да жанға жайлы. Саха, әрине, көбіне ұнайды. Табиғаты керемет, қыста суық, қысы ұзақ. Өзінің атмосферасы бар. Көлікке отырып, қаладан шықсаңыз бірден орман, тамаша табиғатқа тап боласыз. Бірақ біз ұзақ қыстан шаршадық”, – дейді жас отбасы.

“Көшпей тұрып-ақ қиындықтарға дайын болдық”

Үйренісу жағынан, бізді не күтіп тұрғанын болжадық, қабылдадық дейді Витя. 

“Якутскіде жинаған, жиғандарымыз қалды. Артқа қарай үш қадам жасағандай болдық. Енді қалыпты ритмге қайта оралу керек. Сағат ауысымы да болды. Біз қиындықтардың болатынын білдік, бұл қалыпты нәрсе. Бұған келістік, – дейді жұбайлар.

Қазақстанда жүргенде сахалықтарды жиі кездестірдік дейді. Тіпті  Whatsapp, Telegram топтарға тіркеліп, қажетті ақпараттарын алып отыратын көрінеді. 

“Біз бұл жаққа ұзақ уақытқа келдік. Якутскіде медиамектеп бар, оны үлкен команда болып негізін қаладық. Жеткіншектердің креативті қабілеттерін дамытуға бағытталған. Енді Алматыдан бөлімшесін аштық. Осында  ісімізді дамытумен айналысамыз, басқа жағынан да дамимыз”, – дейді жұп жоспарлары жайлы.

Ерлі-зайыптылар Қазақстанда біраз уақытқа тұрақтамақ. Бірақ өмір бойына қалу-қалмау мәселесі белгісіз деп отыр. Себебі тұрақсыз кезеңде келдік дейді. Нақтысы, бір-екі жылдан кейін көшіп кетпейміз дейді ерлі-зайыптылар.

Талқылау