AAPL
141.66 $
2.45 %
TSLA
737.12 $
4.52 %
NDAQ
159.28 $
0.64 %
GOOGL
2359.5 $
5.11 %
FRHC
41.06 $
2.65 %
AAPL
141.66 $
2.45 %
TSLA
737.12 $
4.52 %
NDAQ
159.28 $
0.64 %
GOOGL
2359.5 $
5.11 %
FRHC
41.06 $
2.65 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың келіні, көп балалы ана: Молдован ұлтының қызы қазақ тілінен сабақ береді, дәстүрді ұстанады

36 жастағы Надежда Никульча – молдован қызы. Ол – қазақ тілін оқушыларға үйретіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің бірі. Әкесі – молдован, анасы – орыс. Қазақстанда туып-өскен ол 3-сыныпта қазақ мектепке ауысып, небәрі жарты жылда қазақ тілін меңгердім дейді. Бүгінде қазақ ауылына келін болып, көп балалы ана атанып отыр. Қазақ тілінен оқушыларға сабақ береді. Бие сауып, қымыз дайындайды, құрақ көрпе тігеді. Stan.kz тілшісі Надеждадан Қазақстандағы өмірі, қазақ тілін қалай меңгергенін сұрады.

Надежда Михайловна, жеке архвитен

Надежда Михайловна Қарағанды облысы Жаңаарқаның Айнабұлақ деген жерінде дүниеге келген. Ал әкесі Молдавияның Кишинев қаласында туған, кейін Қазақстанға көшіп келген.

“Әкем 1977 жылы Жаңаарқа ауданы Айнабұлақ ауылына, Кишинев қаласынан газо-электро дәнекерлеу маманы ретінде келген. Әкем жалғыз өзі келген екен, ал аталарымыз Молдавияда қалыпты”, – дейді кейіпкеріміз.

Қазақ тілін үйренуіне 3-сыныпта қазақ мектепке ауысқаны себеп болған. Бастапқыда тілді меңгеру қиын болғанын айтады, себебі үйдегі тіл орыс тілі болатын дейді.

“Оған дейін орыс сыныбында оқыдым. Үйде де орыс тілінде сөйлейтінбіз. Молдован тілін анам білген жоқ, біз де білмедік. Сондықтан ортақ тіл орыс тілі болды.

Әке-шешем қазақ тілді мектепке берді. Ең біріншіден, мұғаліміміз керемет маман болатын, сол кісінің арқасы деп есептеймін. Бастапқыда өте қиын болды. Жанымдағы сыныптастарыммен дұрыс сөйлесе алмайтынмын. Қатарымнан қалғым келмесе керек, 6-7 айда қазақша сөйлеп кеттім”, – деп есіне алады Надежда балалық шағын.

Надежда – бастауыш сыныптарының мұғалімі. Қазақ тілін орыс сыныптарына да, қазақ сыныптарына да береді. Одан бөлек, балабақшада тәрбиеші.

Надежда Михайловна, жеке архвитен

Қазақ отбасына келін болған Надежда қазір көп балалы ана, төрт ұлы, бір қызы бар.

“Бес баланың анасымын: үлкен ұлым 16-да, кішісі 5-те. Жұбайыммен жақын араласатын адамдар арқылы таныстым”, – дейді ол.

Оның сөзінше, жастық шақта жақын адамдарының арасында орыстар, басқа да ұлт өкілдері болмаған. Осы кезде жұбайымды жолықтырып, қазақ азаматқа тұрмысқа шықтым дейді.



Айтуынша, қазаққа тұрмысқа шығу туралы аса ойланбаса керек.

“Ең бірінші студент кезімде жұмыс істеп жүріп қайын әпкеммен таныстым. Құрбы ретінде араласып, содан соң ол кісі жұбайыммен таныстырды. 

Ал қайын жұртым жылы қабылдады. Шынымды айтсам, әке-шешеммен дос ретінде араласамыз, бір-бірімізге жасырмай бәрін айтамыз. Олардың тарапынан ешқандай тыйымдар болған жоқ”, – дейді молдовандық келіншек. 

Сондай-ақ, ол келін болып түспей тұрып нан жайып, қой етін бұзуды үйреніп алған екен.

“Қазақ дәстүр, жоралғылардың барлығын толық білдім дей алмаймын. Бірақ жоғары оқуға түспей тұрып, көп жерде жұмыс істедім. Соның ішінде асханаларда жұмыс істегенімнің пайдасы тиді. Себебі жұмыс істеп жүріп, нан жаю, қойдың етін бұзуды үйреніп алдым. Былайша айтқанда, негізгі дүниелерді біліп бардым”, – дейді ол.

Айтуынша, өзін сырттай көбіне орыс деп қалады екен.

“Бастапқыда менің кім екенімді білмеген соң көбі орыс деп ойлайды, әсіресе, әртүрлі мекемелерде. Атым Надежда деп айтқан соң таңғалып жатады. Кейде адамдар қазақша бір-бірімен сөйлескенде бәрін түсініп тұрамын, қазақша жауап берсем өздері ұялып қалатын жағдайлар болған. Бірден тақырыпты басқа арнаға ауыстырып жібереді”, – дейді Надежда.

Надежда молдовандар мен қазақтар арасында дәстүрде, мәдениетте ұқсастықтар жоқ дейді. Алайда қазақ дәстүріне келіншек етене жақын.

“Жаз бойы бие сауамын, менің қолымнан шыққан қымызды жақын жердегі ауылдардан сұратып жатады. Одан бөлек, құрақ көрпе, қоржындар тігемін. Қазір екі жұмыс істеп жүргендіктен қолым босамай жүргені болмаса, бос уақытта заманауи қоржындарды жасаймын. Бәрін өзім үйреніп алдым”, – дейді көп балалы ана. 

Надежда қазақ тілін меңгеріп, оны оқушыларға үйретіп жүргенін айта отыра, қызметте, оқуда мемлекеттік тілді білудің аса маңызды екенін баса айтады.

“Болашақта еш қиналмай қазақ тілін кез келген жерде қолдана аласыз. Қазақстанда дүниеге келгеніме қуаныштымын, мақтан тұтамын. Қазір әртүрлі елдерде қиыншылықтар болып жатыр. Сондықтан бірлік пен ауызбіршілікте өмір сүруіміз маңызды”, – деп түйіндеді ойын ол.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр