Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Корей жігітіне тұрмысқа шығуды бала кезден армандадым": Ұлтаралық некеге отырған жұп танысу оқиғаларын, екі ел дәстүрі жайлы айтып берді

Жақында қазақ қызының ерекше ұзату тойында түсірілген видеосы желіде тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді. Видео кейіпкерлері – 23 жастағы қазақ қызы Аружан мен 30 жастағы кәріс азаматы Джой Қазақстанда танысып, шаңырақ көтерген ұлтаралық жұп. Танысу оқиғаларын айтып отырып, ерлі-зайыптылар мұның тағдыр екеніне сенетіндерін жеткізді. Жұбайлардың танысу оқиғасын сұрап, екі елдің дәстүріндегі ерекшеліктер мен ұқсастықтары жайлы сұхабаттастық.

Аружан мен Джой Чо, жеке архивтен

Аружан Чо ұзату тойындағы видеосын рәсім жарты жыл өткен соң желіге жүктейді. Алайда осыншалықты пікір болады деп күтпеген ару сынға тап болғанын да жасырмай айтты. Ерекше жұпқа жеке өмірлері мен екі тараптың танысу оқиғалары жайлы сұрақтар қойдық.

– Кім қайда туып өскен, немен айналысады?

Аружан: Алматы облысы Талғар ауданы тумасымын. Қазіргі уақытта екінші мамандығым бойынша SMM маманы болып жұмыс істеймін. Өзімнің жеке бизнесім бар. Жақында корей тілін үйрене бастадым, спортпен айналысамын. Бала кезімнен корей халқының мәдениетіне қызығушылығым бар еді, фильмдерін көріп, музыкасын тыңдайтынмын. Сол уақытта күйеуім кәріс азаматы болса екен, Кореяда тұрсам деп армандайтынмын. Бірақ уақыт өте келе бұл бала арманым ұмытыла бастаған еді. Дегенмен сол балалық шақтағы арманым орындалды деуге негіз бар. 

Джой: Шын есімім Jo Hwi, алайда орыс тілділерге атымды айту қиын болғандықтан, мектеп кезінен бәрі Джой деп атап кеткен. Жасым 30-да. 2002 жылы отбасыммен Оңтүстік Кореядан Қазақстанға көшіп келдік. Осында мектеп бітіріп, Мәскеуде жоғары білім алдым. Содан соң Оңтүстік Кореяда 2 жыл әскерде болдым. Қазір әкемнің компаниясында жұмыс істеймін. Біздің консалтинг компаниясы корей кәсіпкерлерін қазақстандық нарыққа тартумен айналысады.

– Танысу оқиғаларыңызға тоқталсақ..

Аружан: Ең қызығы, біздің танысу оқиғамыз клубта басталды. 2017 жылы құрбыммен бірге клубқа барғанда, болашақ күйеуімді көріп қалдым. Сыртынан көріп, ұнатып, досынан бізді таныстыруын сұрадым. Досы күліп, "оның бүгін көңіл күйі жоқ" деп Instagram парақшасын берді. “Өзің ары қарай алып кет” деп кеңес берді. Содан соң парақшасына кіріп, 2 ескі фотосына лайк бастым, маған да лайк басып, парақшама жазылған екен. 2 күннен кейін парақшамда жоқ. Сол кезде ішімнен "сондай әдемі қызды жоғалтып алдың" деп мен де оның парақшасынан шығып, ұмытып кеттім.  

Бір жылдан кейін құрбым екеуміз Тайландтан Оңүстік Корея арқылы Қазақстанға келе жатқанда, оны Кореяның әуежайынан көремін. Ол бұрышта телефонын қуаттағышқа қойып отыр екен. Менің адамдарды есте сақтау қабілетім өте жақсы. Бірден есіме түсіп, "таныспағанымыз жақсы болыпты, онша емес екен" деп жанынан өте шықтым. Екеуміз бір рейспен келдік, ол менен 2-3 қатар жоғары отырды.  Бір айдан соң Алматыда құрбыларыммен клубқа барғанда тағы да оны көріп қалдым. Осы күні өзі келіп танысты. Бір ай сөйлесіп, маған ұсыныс жасады. Осылайша қыз-жігіт болып жүре бастадық. 

Джой: Инстаграм, лайктар жайлы ештеңе есімде жоқ. Ол кезде маған ешкім жазылмайтын, кімнің жазылып-жазылмағанын көріп отыратынмын. Өкініше қарай, мардымды ештеңе есімде қалмапты. Әуежайда қонақтармен болдым. Қасымда Кореяға бірінші рет бара жатқан он адам бар еді. Елге ұшпай тұрып, екі апта бойы бүкіл Кореяны араладық. Қатты шаршаңқы едім. Негізі клуб біздің танысуымызға себеп болды. Сол кезде көрдім де, танысамын деп шештім. Кейіннен ол маған “мен саған лайк бастым, жазылдым” деді, бірақ менің есімде жоқ. Егер бүкіл лайктарымды қарауға болатын болса, көрер ме едім..

Аружан мен Джой Чо, жеке архивтен

– Кездесулеріңізді тағдыр деп есептейсіз бе?

Аружан: Иә. Негізінен мен солай ойлаймын. Біз бірнеше рет кездескен екенбіз. Өзіміз білмей кездескен сәттер де болған сияқты. Жалпы екеуміздің ортақ қызығушылықтарымыз көп. 

– Бірінші кездесуде бір-бірлеріңізден нені ұнаттыңыздар?

Джой: Аружан күлімсіреп жүреді. Әрдайым позитивті. Мәселен, мен екі жақты қарауға тырысамын. Ал Аружан тек позитивті көреді. Бұл мен үшін өте маңызды. Оның күлімдегені қатты ұнайды. 

Аружан: Маған оның сыпайылығы ұнады. Клубта неше түрлі адамды көресің. “Танысуға бола ма?” деп сұрап, рұқсатымды бермесем, оған да келісіп, кетер еді, сыйлап тұрғаны көрінді.

– Тұрмысқа шығу жайлы ұсынысты қалай жасадыңыз?

Джой: Тауға шығуға ұсыныс жасадым. Бұл – глэмпинг деп аталады. Яғни арнайы шатыр-үй болады. Дәл сол уақытта глэмпинг Инстаграмда танымал болып жатқан. Бір ай бұрын Аружанға тауға шығайық дедім. Ол жақтың атмосферасы романтикалық болғандықтан, өзімізбен бірге әдемі киімдерімізді ала кетуді ұсындым. Мен костюм аламын, оған көйлек ал дедім. Өзіммен бірге раушан гүлінің жапырақтарын, майшам алдым. Бұл тосынсыйлар күні болды. Ақырында, оған ең үлкен тосынсыйым бар дедім де, қалтамнан сақинамды шығарып, ұсыныс жасадым. 

Аружан: Қатты таңғалдым. Біраз жыладым. 


"Шымкенттің нағыз қара домалақ қызымын": Анасы – қазақ, әкесі – афроамерикалық ару қазақи дәстүрді сіңіріп өскен 


– Жақындарыңыз шешіміңізді қалай қабыл алды?

Джой:  Ата-анам менің шешімдерімді әрдайым мақұлдайтын. 10 жасымнан бастап, 2002 жылдан бері Қазақстанда кем дегенде 30-40 жыл тұрамыз деп шешкен едік. Сондықтан ата-анам кез келген ұлттың қызына үйленуге рұқсатын берген. Ең бастыс, өзің үшін жақсы адам болса дейтін. Бір қызығы, өзіме қазақ қыздары ұнайтын. Алматы – әртүрлі ұлттар жиналған қала. Бірақ, неге екені белгісіз, менің көзіме тек қазақ қыздары түсетін. Тіпті Мәскеуде жүргенде де қазақ қыздарын байқайтынмын.

Аружан: Джоймен енді сөйлесе бастағанда анама корей жігітімен қарым-қатынаста екенімді жасырмай айттым. Сыйластығы мен маған деген көңілін байқаған анам оны бірден ұнатты. Ал сіңлім мен бауырларым Джоймен кездескенде, сыйластығын көріп, таңғалды. Әкем қобалжып, уайымдағаны рас. Алайда Джоймен танысып, сөйлескен соң оны ұнатып қалды. Бала кезден ата-анам әрдайым таңдауымды қолдайтындарын айтып отыратын.

– Бір-біріңіздің ата-аналарыңызбен танысу қалай өтті?

Аружан: 2020 жылы Джойдың анасының туған күніне барып, сол кеште таныстым. Бірден жылы сөздер айтып, күліп қарсы алды. “Біз әрдайым сенің жағыңда боламыз. Ұрыссаңдар да, сені қолдаймыз” деп айтқан еді. 

Әке-шешелерімізді таныстарған кезде екі тарап мені қазақ дәстүрімен ұзататынын, ал үйлену тойы корей дәстүрімен өтетіні келісілді. Құдалық пен сырға салу бір күнде болды. Енем өз атынан сол күні корей халқының ұлттық киімін сыйлады. 

Джой: Аружанның ата-анасымен танысу кезінде уайымнан алақаным терлеп, қолым дірілдеді. Менің ата-анам да, Аружанның ата-анасы да – барлығымыз бір-бірімізге сыйластықпен қарадық, сондықтан мен бәрін сыйлаймын. Ата-анам орыс тілінде жақсы сөйлей алмаса да, екі тарап тіл табыса алды. 

– Қазақ тілін меңгеруді қалайсыз ба?

Джой: Қазақ тілін меңгеруге міндеттімін. Себебі біз осында тұрақтап қаламыз. Сондықтан қазақ тілін балаларымыздың анасы ғана емес, әкесі де білуі керек. Қалау-қаламау деген жоқ, міндеттімін. 

Аружан мен Джой Чо, жеке архивтен

 Корей және қазақ ұлттарының дәстүр, мәдениетіндегі сіз байқаған ұқасатықтар мен айырмашылықтар

Аружан: Үйлену тойы рәсімі өте әдемі болады. Негізінен еуропалық стильде өтеді. Бірақ өздерінің ұлттық киімдерін киіп, үлкен адамдарға тізерлеп тұрып, құрмет көрсетеді. Сондай-ақ тағы бір ерекше салты – кішкентай баланың бір жасқа толу кезіндегі жасалатын рәсім. Бүлдіршінге дәстүрлі киімдерін кигізеді. Қазақтарда бір ғана зат таңдаса, мұнда үш зат таңдайды. Осы үш зат баланың болашағын шешеді деп сенеді.  

Джой: Әр жердің дәстүрі әртүрлі. Тіпті Орта Азия елдерінің дәстүрлерін алсақ, бәрінікі әртүрлі. Егер ұзатудың қалай өткенін және оған дейінгіні алып қарасақ, менің туыстарым қазақ дәстүрлерінің біздікімен көптеген ұқсастығы бар екенін көріп, қатты таңғалды. Басқаша көрінуі мүмкін, бірақ мағынасы бір. 

Сырға салу, құдалық – ата-анамның айтуынша, олардың кезінде де осы сияқты дәстүр болған. Шыны керек, ата-анам қатты таңғалды. Екі ел арасындағы қашықтық 4000 шақырым ғой. Тарихтан да екі ел арасында қарым-қатынас онша жақын болмағанын көреміз. 

Аружан мен Джой Чо, жеке архивтен

– Әлеуметтік желіде осындай реакция болады деп күттіңіз бе?

Джой: Жоқ, күтпедік. Адамдарға ұлтаралық жұптың үйлену тойы қызық екені белгілі. Бірақ видео осыншалықты “желіні жарады” деп ойламадым. Мен үшін шок болды. Жақсы мағынада. 

Бастапқыда видеомыз Tik-Tok-ты “жарған кезде”, мен бірден жұбайыма алаңдап, оған ескерту жасадым. Хейтерлер көп болатынын біліп, пікірлерді жанына жақын алмау қажеттігін айттым. Себебі бұл хейтерлер тек өздеріне көңіл аударғысы келеді. 

Аружан: Бір күні ұйықтар алдында ұзатудағы видеомды желіге салдым. Келесі күні мыңдаған пікір, мыңдаған рет таралып кетіпті. Қазіргі уақытта 800 мың қаралымға жетті.

– Ұлтаралық некеңізді сынап жатқандарға не айтасыз? Жақындарыңыз арасынан көңілі толмағандар болды ма?

Джой: Жақындарымның арасында менің “асқазаным үшін алаңдағандар” болды. “Енді кимчи жей алмайтын болдың ғой?!” деп жатты. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Корей асханасынан тағамдарды мен дайындаймын, ал жұбайыма жергілікті, еуропалық тағамдарды дайындауына болады. 

Аружан: Ешкімнің аузына қақпай бола алмаймыз. Бірақ таңғалдырғаны, “балаларыңыз таза қазақ болмайды” дейді. Әрине, ұлты аралас болады. Қазақстанда таза қазақ бар деп мен тұрмақ, тарихшылар да айта алмайды. Өйткені қазақтар – көшпенділер, қан араласқан. Нашар пікірлер мен хейтерлерге мән бермеймін. 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Джой: Көктемде Кореяда үйлену тойымызды өткізсек деп жоспарладым. Көктем – Кореядағы ең әсем мезгіл. Алайда карантин жағдайында Кореяда коронавирус өршіп тұр. Сондықтан жағдай жақсарады деп үміттенеміз. Құдай қаласа, үйлену тойын Кореяда өткіземіз. 

Аружан: Кореяға тойға барып келетініміз болмаса, Қазақстанда тұрып, балаларымызды осында өсіруді жоспарлап отырмыз. Әрине, өмірде неше түрлі жағдай болады. Бірақ әзірге Кореяда тұру жоспарда жоқ.

Талқылау