Шымкент полиция департаментінің басшысы жазаланды
Шымкент қалалық полициясының бірқатар басшысы тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы Шымкентке жұмыс сапарымен барған еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шымкентке Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың басшылығымен арнайы топ келді. Бұған Шымкент қаласы полиция қызметкерлерінің ұсталуы себеп болды.
Қалалық полицияның баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларымен кездескен Марат Қожаев полицияның жұмыс атқаруы мен тәртіп жағдайына қатысты бірқатар мәселені сынға алды.
Қалалық ПД бастығы Қайрат Дәлбековке "дер кезінде бақылауға алмағаны үшін" Ішкі істер министрінің бұйрығымен сөгіс жарияланғанды.
ПД басшылығын тәртіптік жауапкершілікке тартуға полиция қызметкерлері жасаған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар себеп болды. Олардың арасында жергілікті полиция қызметінің экс-бастығы, рота командирі және патрульдік полиция полкінің екі қызметкері және Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бар.
Жеке құраммен жұмыс істеу міндетіне кіретін кадр аппаратына қатысты да қатаң шаралар қабылданатын болады.
"Президенттің Жолдауын іске асыру мақсатында полиция қатарында дөрекілікке, сыбайластыққа және тамыр-таныстыққа орын жоқ. Қазіргі таңда біз ішкі істер органдарының адал, әділ, еңбекқор және таза қызметкерлерін қолдаймыз және олардың жұмысы ілгерілеу үшін жағдай жасаймыз. Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және заң үстемдігін орнату – біздің басты міндетіміз", - деді министр орынбасары.
Айта кетсек, Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева деп көрсетілген аудио жазба әлеуметтік желіде үлкен талқылауға түскен. Онда әйел адамның қызметкеріне жекіп сөйлеп, былапыт сөздер айтқанын естуге болады. Тіпті жұмыстан босату жөнінде мәселе қарайтындығын жеткізген дауыс иесі, әдеп нормаларын сақтамай, аузына келген ағат сөздерді қарша боратқан.
Бекеева өзіне қатысты даудан кейін суицид жасамақ болған.
Ведомство өкілі өзіне қол салмас бұрын Facebook желісінде жазба жариялаған. Онда жазба авторы басшылықтан қысым көргенін және өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
Өз жазбасында Мөлдір Бекеева ПД жаңа басшылығын айыптап, мұндай қадамға баруына мәжбүр еткенін жеткізді.