Шымкентте бұрынғы судья алаяқтық жасағаны үшін сотталды
Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының бұрынғы судьясы Жанат Мүсірәлі алаяқтық жасады деген айыппен 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фотода Жанат Мүсірәлі
Шымкенттік судья Жанат Мүсірәлі былтыр тамыз айында өз еркімен қызметінен кеткен еді. Ол сотталушылардың бірінің жазасын жеңілдету үшін оның әйелінен 110 миллион теңге алған деп күдіктелді.
Осы қылмысқа байланысты үш адам жазаланып отыр. Олар: судья Жанат Мүсірәлі, адвокат Мұрат Жахаев және кәсіпкер Айдар Алтаев. Басты айыпталушы сот алқасының қатысуымен сот өткізуді сұраған, бірақ оның сыбайластары бұған қарсы шыққан.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұл іс өте жылдам қаралды. Судья Әбинұр Қарабаевтың басшылығымен сот процесі бар болғаны бір айда аяқталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, кәсіпкер Алтаев өзінің досының әйеліне күйеуінің жазасын жеңілдетуге көмектесетінін айтқан. Ол адвокат Жахаев арқылы судья Мүсірәлімен байланысқан. Бірақ үш айыпталушы жәбірленушіні алдап, оның ақшасын иемденіп кеткен.
Айта кету керек, олар пара алуға итермеледі деген айыптан ақталды. Себебі соттың шешімі бойынша, пара беру бастамасын сотталушының әйелі өзі көтерген.
Сот үкімімен Жанат Мүсірәлі мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына және 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Мұрат Жахаев 7 жылға адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 6 жыл 8 айға сотталды. Айдар Алтаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Шаймерденов жемқорлық жасады деген күдікке ілінген еді.
Шымкент қаласына арналған 2025 жылдың ораза кестесі жарияланды