Шымкентте балабақша тәрбиешісі баланы аяғынан сүйреп, басынан ұрып-соққан (видео)
Желіде Шымкенттегі жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларды ұрып-соққаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Видео авторы оқиғаның Шымкенттегі "Сүлеймен" жекеменшік балабақшасында болғанын хабарлады. Желіде тараған видео кадрларынан қолына белгісіз зат ұстаған тәрбиешінің баланы төсегінде жатқан жерінен түсіріп, ұрғанын байқауға болады. Сосын ол баланы аяғынан ұстап, бөлменің ортасына сүйреп апарады. Артынша белгісіз затпен басынан ұрады. Қасында жатқан бала да төсегінен тұрып, әйелдің соңынан еріп, балаға көмектеспек болады. Алайда тәрбиеші оны да қолымен сермеп жіберіп, төсегіне қайта жатқызады.
Оқу-ағарту министрлігі аталған жағдайдан соң тәрбиеші жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
"Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің бақылауында", – деп хабарлады министрлік.
Аталған іске қатысты Stan.kz Шымкент қаласының полиция департаментінен пікір сұрап білді.
"Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық тұрғын балабақшада қызының қатарласынан таяқ жегенін айтып шағымданған еді.