Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Емшімін деп жариялаған: Шымкентте асырап алған балаларын қорлаған ер адамның бұрын адам өлтіргені анықталды

Шымкентте алты баланы асырап алып, оларды азаптаған ер адамға шизофрения диагнозы қойылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Іс жүргізу барысында оның бұрын абайсызда адам өлтіргені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкентте асырап алған алты баланы ұрып-соғып, жәбірлеген өгей әке қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оған параноидтық шизофрения диагнозы қойылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Сот үкіміне ер адам қатыспаған, ол ауруханада жатыр.

"Ол бұл әрекетті істеген кезде есі дұрыс емес болғандықтан, заң бойынша қылмыстық жауаптан босатылады. Сот оны мамандандырылған стационарда емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады", – дейді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаев. 

Ер адам 6 рет үйленген болып шықты. Оның өз баласы жоқ, ол сондықтан бала асыраған.

90-жылдары ер адам өзін халық емшісімін деп жариялап, сеанстардың бірінде абайсызда адамды өлтіріп кеткен. Содан кейін іс қысқартылып, ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Шымкент қалалық қорғаншылық басқармасы бұл фактілер бала асырап алу құжаттарын рәсімдеу кезінде болмағанын айтты.

"Күдікті әйелімен 2021 жылы үш айлық психологиялық дайындық курсын бітіріп, тиісті сертификаттар алған. Осыдан кейін олар электронды портал арқылы бала асырап алу туралы өтініш жолдаған. Барлық ұсынылған құжаттар мұқият тексерілді. Психикалық ауытқулар немесе сертификаттар болған жоқ. Соттылығы да болмаған. Тек оқиғадан кейін оның денсаулық жағдайы да, соттылығы да деректер базасында пайда болды", – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаев.

Сотталушының адвокаты балаларды тапсырған кезде салғырттық танытты деп шенеуніктерді кінәлады.

"Мен үш қаланың білім бөлімінен де, полиция қызметкерлерінен де кінә бар деп ойлаймын. Сондықтан үш қаланың бөлімдеріне де, Абай ІІБ қызметкерлеріне қатысты да жеке ұйғарым шығарылсын деп судьяға ұсыныс жасадым", – дейді сотталушының адвокаты Ибадулла Нұрманов. 

Шымкенттің балалар омбудсмені сотталушының әйеліне шара қолданылмағанына наразы.

"Әйелі де болды, ол балаларға күтім көрсетуге міндетті еді. Алдағы уақытта уәкіл ретінде мен әйеліне қатысты іс қозғау үшін прокуратураға арыз беремін", – деді Шымкенттегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева.

Ер адам ауруына байланысты тағы да қылмыстық жауапкершіліктен құтылады. Мәжбүрлеп емделгеннен кейін дәрігерлер оның жағдайы жақсарды десе босатылуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте ер адам асырап алған алты балаға ит етін жегізіп, мал бақтырып келгені туралы жазған едік. Кейін ер адам психикалық ауруына байланысты жазадан құтылып кеткені айтылды. 

Талқылау