15 минуттан асса, 10 мың теңге: Шымкент әуежайындағы автотұрақ бағасы жүргізушілердің ашу-ызасын тудырды

Фото: Шымкенттегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы
Шымкент тұрғындары жаңа терминал маңындағы автотұрақтың қымбаттығына шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, ғимараттың жанына қысқа уақытқа ғана тоқтаудың өзі мыңдаған теңгеге шығады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inform.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде "Әуежайға кіру үшін осыншама “арзан” баға белгілеу дұрыс па?" деген сұрақтан кейін пікірталас өрбіді.
Пайдаланушылар тегін 15 минуттық уақыттың ешқандай пайдасы жоқ екенін айтады. Себебі шығаберістегі көлік кезегінен үлгермей қалатын жағдайлар жиі кездеседі.
"Тиісті органдардан осындай тарифтің заңдылығын тексеруді сұраймыз", – деп жазады қала тұрғындары.
Шымкент қалалық әкімдігі өкілдерінің түсіндіруінше, баға терминалға дейінгі қашықтыққа байланысты: неғұрлым жақын болса, соғұрлым қымбат.
• Бірінші жолақ (кіреберістің дәл алдында) – 15 минуттан артық тұрақтасаңыз, 10 мың теңге;
• Екінші жолақ (шамамен 5 метр қашықтықта) – 15 минуттан асқан әр сағатқа 2 мың теңге;
• Жалпы автотұрақ (терминалдан 30-40 метр қашықтықта) – 12 сағатқа дейін – 200 теңге, 12-24 сағат – 3 мың теңге, одан әрі тәулігіне 2 мың теңге.
Әкімдік өкілдері тарифтердің заңды түрде бекітілгенін айтады. Әуежайдың иесі "SCAT" АҚ өз бетінше баға қоюға құқылы, себебі жаңа терминал құрылысына салынған 24 миллиард теңгені өтеу қажет.
"Мұндай көлемдегі инвестициядан кейін инвестордың шығынның бір бөлігін қайтаруға құқығы бар. Әуежай алдындағы жер уақытша жалға берілген, кәсіпкер заң аясында тариф орнатқан", – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек.
Алайда бір жайт назар аудартады: әкімдіктің ресми сайтында бұған дейін жарияланған мәліметке сәйкес, 2020 жылы терминал алдындағы автотұрақ құрылысы Шымкент қаласының бюджеті есебінен қаржыландырылған. Бұл мақсатқа 912 миллион теңге бөлінген. Демек, бүгінде сол аумақтан жеке компания пайда тауып отыр деген сұрақ туындайды.
Жолаушылардың шағымынан кейін Қазақстанның екі әуежайына инспекторлар жіберілетін болды
Qazaq Air ұшқыштары компания басшылығынан жалақыларын көтеруді талап етті
Еске салайық, бұған дейін журналист Асхат Ниязов FlyArystan әуекомпаниясын қол жүгінің бағасын 14 мың теңгеге дейін қымбаттатқаны үшін сынады. Ол бұл соманы заңсыз деп, прокуратурадан тексеруді сұрады. Компания баға бағыт пен рәсімдеу уақытына байланысты екенін, ауа райының әсері жоқ екенін мәлімдеді.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді