Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдік көліктердің көбі заңдастыруға келмейді

Шетелдік көліктердің көбі заңдастыруға келмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК теларнасына сілтеме жасап. 

Елімізде 23 қаңтардан бері Грузия, Қырғызстан, Ресей нөмірін таққан 10 мыңға жуық көлік тіркеуден өткізілген. Алайда қазақстандық нөмір ала алмай сергелдеңге түскендер де өте көп.

Өйткені шетелден әкелінген машиналардың 70 пайызын заңдастыру мүмкін емес. Яғни ондай көліктердің дені кедендік тазартудан өтпеген, іздеуде немесе әкелінген елінде кепілде тұр. Оған қоса қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген темір тұлпар жетерлік.

Еліміздегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 23 қаңтардан бері ығы-жығы адам, ұзын-сонар кезек. Шетелдік көліктерін заңдастыру үшін жүргізушілер мұнда ағылып жатыр. Осы күнге дейін 10 мыңға жуық азамат қазақстандық нөмір алып үлгерді.

“Көп адам көбінесе шетелден бөлшектеніп келген көлігін заңдастыруға ұмтылады. Ол не кедендік тазалаудан өтпеген, не ешқандай мемлекетте тіркеуде жоқ. Салығы төленбеген, көп азаматтың айыппұлдары бар. Шектеу шешілген соң ғана тіркеуге қойылады”, – дейді Алматы ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Болатбек Баятанов.

Полицияның мәліметінше, сырт мемлекеттен әкелінген машиналардың 70 пайызы талапқа сай емес. Грузия, Қырғызстан, Ресей нөмірін таққан машиналардың дені  кедендік тазартудан өткізілмеген, іздеуде немесе кепілде тұр. Мәселен, бір Алматының өзінде 10 мыңнан астам өтініш түсіп, оның тек 1649-ы мақұлданған.

Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны 1 шілдеге дейін жалғасады.

 

Талқылау