Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Танысым да, жұмысым да болған жоқ": Катарда 300-ге жуық маманды басқарып отырған қазақ жетістікке қалай жеткенін айтты

Айбек Тналиев
Фото: Instagram.com/alibek_tnaliyev/

Әскери қызметтен кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрған, кейін туристік визамен Катарға барған Әлібек Тналиев бүгінде халықаралық сақтандыру компаниясының топ-менеджері. Ол әлемнің 28 елінен жиналған 300-ге жуық маманға жетекшілік етеді. Алайда бұл жетістікке жету жолы оңай болмаған. Алғашқы айларда жұмыс таба алмай, жинаған қаражаты азайып, елге қайтуды да ойлаған. Әлібек Тналиев Stan.kz-ке әскери мансабын неге аяқтағанын, шетелде қалай жұмыс тапқанын және халықаралық компанияда басшылық қызметке дейін қалай көтерілгенін айтып берді.

40 жастағы Әлібек Тналиев – Атырау қаласының тумасы. Кейінгі тоғыз жылдан бері отбасымен Катар астанасы Дохада тұрады. Қазір ол Qatar Insurance Group (QIC) компаниясында Group Chief Digital and AI Officer қызметін атқарады. Яғни 12-ден астам елде жұмыс істейтін компаниялар тобының цифрлық трансформациясы, ақпараттық технологиялары мен жасанды интеллект бағыттарына жауап береді. Сонымен қатар бөлшек сақтандыру бизнесінің вице-президенті.

Бір қызығы, Әлібек бастапқыда Катарға көшуді мүлде жоспарламаған. Оның үстіне кәсіби өмірінің алғашқы 14 жылы әскери саламен байланысты болған. Кейін бірнеше кәсіп бастап, табысты жобалармен қатар қаржылық қиындықтарды да бастан өткерген.

Бүгінде ол мансап жолындағы сол кезеңдердің ешқайсысын бос кеткен уақыт деп есептемейді.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

Бір айға барған әскери мектепте 14 жылға созылған жол

Әлібектің өміріндегі алғашқы үлкен өзгеріс небәрі 13 жасында басталған. Ол туған қаласы Атыраудан кетіп, Астанадағы “Жас ұлан” республикалық әскери мектебіне оқуға түскен.

Бір қызығы, әскери мамандықты таңдау оның бала күнгі арманы болмаған. Бұл шешімге анасының кеңесі ықпал еткен.

“Анам баласының туған қаласынан шығып, жаңа орта көргенін, адамдармен танысып, дүниетанымын кеңейткенін қалады. “Барсын, көрсін, адамдармен таныссын, әлемді танысын” деген сөзін әлі күнге дейін айтып отырады. Ал мен ол кезде жай ғана қызығушылықпен бардым. Жазда бір ай оқып көрейін деп ойладым. Сөйтіп, бір айға барып көремін деген сапарым 14 жылға созылды”, – дейді ол.

Кейін Әлібек Мәскеудегі Әскери университетте қолданбалы лингвистика мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған. Одан кейін әскери қызметін жалғастырған.

Әскери орта оған тәртіпті, жауапкершілікті және қиындыққа төзуді үйреткен. Дегенмен уақыт өте келе өзінің басқа салада да қабілетін сынап көргісі келетінін түсінген.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

2011 жылы досы жіберген кәсіпкерлік туралы “Берись и делай” подкасты да оның болашаққа деген көзқарасына әсер еткен. Сол кезде әскери қызметте жүрген Әлібек алғаш рет өмір бойы бір салада қалу-қалмау туралы ойлана бастаған.

Бірақ ол бірден жұмыстан кетуге асықпаған. Алдымен жаңа бағытқа қажетті білім мен тәжірибе жинауды жөн көрген.

“Бір күні маңызды нәрсені түсіндім. Осы уақытқа дейін мен басқа біреу құрған жүйенің ішінде өмір сүріп келген екенмін. Қашан тұратының, не киетінің, не істейтінің, бәрі алдын ала белгіленген. Ол жүйенің ішінде жақсы қызмет етуге, үлкен жетістіктерге жетуге болады. Бірақ мен өз өмірімнің бағытын өзім анықтағым келді. Өз өмірімнің сәулетшісі болғым келді”, – дейді Әлібек.

Осылайша, ол тұрақты жалақысы мен қалыптасқан мансабынан бас тартып, кәсіпкерлікке қадам басқан.

Той бизнесінен цифрлық маркетингке дейін

Әскерден кеткеннен кейін Әлібек бірнеше кәсіппен айналысып көрген. Интернет арқылы сауда жасап, Қытаймен жұмыс істеуге бағытталған China Connection компаниясын құрған. Кейін цифрлық маркетинг агенттігін ашып, той ұйымдастыру саласында да өз мүмкіндігін сынаған.

Осы кезеңде Нархоз университетінде бизнес бойынша қосымша білім алған.

Оның кәсіпкерлік жолындағы маңызды тәжірибелерінің бірі – екі жылдай жұмыс істеген цифрлық маркетинг агенттігі. Компания түрлі бизнеске сайт ашуға, жарнамалық науқандар жүргізуге, тұтынушыларды тарту жүйесін қалыптастыруға және байланыс орталықтарының қызметкерлерін оқытуға көмектескен.

Бірақ кәсіпкерліктің барлық кезеңі табысты бола бермеген. Бизнес дамыған сайын қаржылық қиындықтар да пайда болған. Ақша айналымындағы іркілістер мен басқарудағы мәселелер кейбір жобаларын тоқтатуға мәжбүр еткен.

Дегенмен Әлібек бұл тәжірибені бос кеткен уақыт деп есептемейді.

“Адамға ең үлкен сабақты кейде табысты жобалар емес, қиындыққа тап болған жобалар береді екен. Кәсіпкерлік маған тәуекел етуді, адамдармен жұмыс істеуді, қаржыны басқаруды, ең бастысы, жүйелі ойлауды үйретті”, – дейді ол.

Оның айтуынша, сауда саласы маркетингті түсінуге көмектессе, агенттіктегі жұмысы цифрлық технологиялар әлеміне жол ашқан. Кейін дәл осы дағдылары Катардағы мансабында қажет болған.

Дубайға көшпек болған отбасы Катарға қалай тап болды?

Әлібектің шетелге қоныс аударуы да күтпеген жағдайдан басталған.

Үйленгеннен кейін жұбайымен бірге бал айын өткізуге Дубайға барған. Қала екеуіне қатты ұнап, болашақта сонда тұру туралы ойлана бастаған.

Қазақстанға оралған соң жұбайы Дубайдан жұмыс іздеп, көп ұзамай косметикалық компания сұхбатқа шақырту алған. Әңгімелесу Қырғызстанда өтіп, нәтижесі сәтті болыпты. Алайда жұмысқа қабылдау туралы ұсыныс келгенде, компания өкілдері қызмет орны Дубайда емес, Катарда екенін хабарлаған.

Осылайша, 2017 жылғы 3 қазанда Әлібектің жұбайы Катарға ұшқан. Ал Әлібек оның артынан туристік визамен барған.

Жаңа елдегі алғашқы әсері аса жағымды болмаған көрінеді. Ауа райы тым ыстық, қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан кез еді. Оның үстіне Катар 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындалып жатқан.

Баспана табу да оңайға соқпапты. Пәтер жалдау құны Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болған. Кей жағдайда бір жылдық жалдау ақысын алдын ала төлеп, оған депозит пен риелтор қызметінің ақысын қосуға тура келген. Тіпті қаланың шет жағындағы 30 шаршы метрлік шағын студияның өзі отбасы бюджетіне едәуір салмақ салған.

Ал Әлібектің бұл уақытта тұрақты жұмысы болмаған.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

“Қазақстанға қайтып кетсем бе деген ой да келді”

Катардағы алғашқы екі ай Әлібек үшін үлкен сынақ болыпты. Ол Қазақстандағы интернет жобаларын қашықтан жүргізуге тырысқан, жаңа елде кәсіп бастау мүмкіндігін де қарастырған.

Бірақ жергілікті нарықтың ерекшеліктері, жұмыс істеуге қатысты талаптар және қалыптасқан кәсіби байланыстардың болмауы жоспарларын өзгертуге мәжбүр еткен.

Оның үстіне жинаған қаражаты да біртіндеп азая бастаған.

“Шынымды айтсам, Қазақстанға қайтып кетсем бе деген ой да келді. Өйткені таныстарым жоқ, кәсіби байланыстарым жоқ, айналамдағы орта мүлде бөтен. Бірақ өзіме бір шешім қабылдадым. Алдымен қолымнан келгеннің бәрін жасап көремін, содан кейін ғана қорытынды шығарамын дедім”, – деп еске алды ол.

Осыдан кейін Әлібек жұмыс іздеуге барынша ден қойған. Күн сайын түйіндемесін жіберіп, LinkedIn парақшасын реттеген. Жаңа таныстықтар орнатып, жергілікті еңбек нарығын зерттеген.

Нәтижесінде екі айдан кейін алғашқы жұмысына орналасқан.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

Бұл әлеуметтік желілер маркетингі бойынша маман қызметі еді. Алғашқы айлығы шамамен 2500–2700 доллар болған. Бастапқыда бұл қаражат едәуір жоғары болып көрінгенімен, Катардағы тұрғын үй мен күнделікті шығындарды есептегенде жағдай басқаша екенін түсінген.

Дегенмен жаңа ортадағы алғашқы қызметі оған халықаралық еңбек нарығына бейімделуге және кәсіби қабілетін көрсетуге мүмкіндік берген.

Төрт айда сатылымды алты есе арттырған

Әлібек жергілікті маркетинг агенттігінде жұмыс істей жүріп, цифрлық бағыттағы бөлімді басқаруға дейін көтерілген.

Кейін Катардағы Snoonu App технологиялық стартапына ауысып, цифрлық маркетинг бағытын нөлден бастап құрған. Мұнда 14 адамнан тұратын команда жасақтап, төрт айдың ішінде сатылым көлемін алты есе арттырғанын айтады.

Дәл осы нәтиже оның мансабындағы келесі үлкен мүмкіндікке жол ашыпты.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

Көп ұзамай Әлібекке Qatar Insurance Company компаниясынан жұмыс ұсынысы түскен. Алғашқы келіссөзде оған цифрлық бағыттағы менеджер қызметі ұсынылғанымен, ол өзгерістер жасауға мүмкіндік беретін, өкілеттігі кеңірек лауазымды таңдаған.

Нәтижесінде бизнесті дамыту жөніндегі вице-президент қызметіне орналасқан.

“Халықаралық ортада тек идея немесе жақсы түйіндеме жеткіліксіз. Нақты нәтиже көрсете білуің керек. Менің ол компанияда таныстарым болған жоқ. Өзімнің жұмысым мен көрсеткен нәтижелерім жаңа мүмкіндікке жол ашты”, – дейді ол.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

Кейіпкеріміз шетелдік компанияға жұмысқа орналасқанда еңбек шарты мен қызметтік өкілеттікті алдын ала талқылау маңызды деп есептейді. Өйткені жоғары жалақы ғана емес, кәсіби тұрғыдан дамуға және нақты өзгеріс жасауға мүмкіндік те қажет.

Жалғыз қызметкерден 300 адамдық командаға дейін

Qatar Insurance Company компаниясына алғаш келгенде Әлібек өзі жауапты бағытта жалғыз жұмыс істеген.

Бүгінде оның басшылығындағы құрылымда әлемнің 28 елінен жиналған 300-ге жуық маман бар. Ал сыртқы серіктестер мен мердігерлерді қосқанда, бұл көрсеткіш 500 адамға жуықтайды.

Фото: Әлібек Тналиевтің жеке архивінен

Осы жылдар ішінде компанияда ауқымды цифрлық өзгерістер жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, qic.online платформасы мен QIC App мобильді қосымшасы нөлден бастап жасалған. Онлайн кірістің үлесі 15%-дан 40%-ға дейін өскен. Сондай-ақ 125-тен астам цифрлық өнім мен жүйе іске қосылған.

Қазір Әлібек QIC Group компаниясында Group Chief Digital and AI Officer қызметін атқарады. Оның жауапкершілігіндегі бағыттар 12-ден астам елдегі компанияларды қамтиды.

Сонымен қатар ол бөлшек сақтандыру бизнесінің вице-президенті ретінде компанияның коммерциялық нәтижелеріне де жауап береді.

Бірақ Әлібек үшін ең үлкен жетістік тек қаржылық көрсеткіштер емес.

“Мен үшін ең үлкен жетістік тек технология немесе қаржылық көрсеткіштер емес. Ең маңыздысы, мықты халықаралық команда қалыптастыра алғанымыз. Менің басқарудағы басты қағидам қарапайым. Алдымен нәтиже көрсет, сонда сенім де, жауапкершілік те артады”, – дейді ол.

Катарда айына 10 мың доллар табуға бола ма?

Кейіпкеріміз қазақстандық жастардың Катарда немесе басқа халықаралық компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін айтады. Әсіресе ақпараттық технологиялар, қаржы, инженерия, медицина және цифрлық технологиялар бағытында білікті мамандарға сұраныс бар.

Әлібектің айтуынша, сақтандыру саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы мамандығы мен тәжірибесіне қарай айына шамамен 3 мыңнан 12 мың долларға дейін жетуі мүмкін.

Оның сөзінше, цифрлық маркетинг пен әлеуметтік желілер саласының мамандары көбіне осы аралықтың төменгі деңгейінде табыс тапса, тәжірибелі IT мамандары, жасанды интеллект саласының қызметкерлері және мобильді қосымшалар әзірлеушілері айына 10 мың доллар шамасында еңбекақы алуы мүмкін.

Катардағы тағы бір ерекшелік – жеке тұлғалардың еңбек табысына салық салынбайды. Дегенмен жоғары жалақыны елдегі тұрғын үй мен күнделікті тұрмыс шығындарынан бөлек қарастыруға болмайды.

Ал халықаралық еңбек нарығына шыққысы келетін жастарға Әлібек үш мәселеге назар аударуға кеңес береді.

“Біріншісі, кәсіби біліктілік. Өзіңнің салаңды жақсы білуің керек. Екіншісі, ағылшын тілі. Бұл өте маңызды. Халықаралық компанияларда жиналыстар, хат алмасу, күнделікті жұмыс негізінен ағылшын тілінде жүреді. Үшіншісі, табандылық пен өзгеріске дайын болу. Бірден жоғары лауазымға орналасамын деп күтудің қажеті жоқ”, – дейді ол.

Әлібек Катарға алғаш келгенде ағылшын тілін меңгергенімен, оны кәсіби ортада еркін пайдалану үшін қосымша курстардан өткен.

Сондай-ақ ол жастарға LinkedIn парақшасын дұрыс жүргізіп, кәсіби тәжірибесі мен нақты жетістіктерін көрсетуге кеңес берді.

“Ең бастысы, тек мүмкіндік күтпей, сол мүмкіндікке дайын болу қажет”, – дейді ол.

“Үздіксіз білім алу өте маңызды”

Әлібектің кәсіби өміріндегі басты қағидаларының бірі – үздіксіз білім алу.

2026 жылы ол Стэнфорд университетінің жасанды интеллект саласындағы көшбасшыларға арналған бағдарламасын аяқтаған. Бұған дейін әскери және бизнес бағытында білім алған маман қазір жаңа технологиялар саласындағы білімін үнемі толықтырып отырады.

Оның күнделікті әдеттерінің бірі – подкаст тыңдау. Әлібек күніне шамамен бір сағатын осыған арнайтынын, жаңа ақпарат пен білімінің басым бөлігін подкасттардан алатынын айтады. Көбіне оларды спортпен айналысып жүргенде тыңдайды.

Оның айтуынша, технология саласында жұмыс істейтін адам үшін бұрынғы біліммен шектелу мүмкін емес.

“Мен үшін үздіксіз білім алу өте маңызды. Өйткені технология әлемі өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше ғана жаңа болған нәрсе бүгін қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Сондықтан қандай лауазымда болсаң да, үйренуді тоқтатпау керек”, – дейді ол.

Қазір Әлібек отбасымен Дохада тұрады. Ұлы осы қалада білім алады.

Жұмысының қарқыны жоғары болғанымен, ол өмірін тек мансаппен шектемеуге тырысатынын айтады. Отбасына уақыт бөлу, денсаулығын күту, спортпен айналысу, рухани және жеке даму оның өмірінде маңызды орын алады.

Осы салаларды қатар алып жүру үшін бірнеше жылдан бері BURJ деп аталатын жеке жоспарлау жүйесін қалыптастырып келеді.

“BURJ” сөзі “мұнара” деген мағынаны білдіреді.

Әлібек Тналиев мұны адам өз өмірін мұнара тұрғызғандай саналы түрде құруы керек деп түсіндірді. Оның іргетасы – құндылықтар мен өмірлік қағидалар. Одан кейін денсаулық, отбасы, рухани даму және өзге маңызды салалар орналасады. Ал мұнараның ең жоғары деңгейінде адамның үлкен мақсаттары мен өмірлік миссиясы тұрады.

“Менің ойымша, бір салада үлкен жетістікке жетіп, қалған маңызды салаларды ұмытып кетуді толыққанды табыс деп айту қиын”, – дейді ол.

Қазір Әлібек осы жүйе туралы кітап жазып жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қазақ және орыс тілдерінде технология, мансап және жеке даму бағытындағы тәжірибесін бөліседі.

Қазақстанға оралу жоспары бар ма?

Тоғыз жылдан бері шетелде өмір сүрсе де, Әлібек Қазақстанмен байланысын үзбеген.

Елге жиі келіп тұрады. Анасы да Қазақстан мен Катар арасында қатынап жүреді. Туыстары мен достарының көбі туған елінде.

Ол болашақта Қазақстанға оралып, жаңа жобалармен айналысу мүмкін екенін де айтты. Алайда әзірге Дохадағы жұмысын жалғастырып, халықаралық ортада жинаған тәжірибесін қазақстандық жастармен бөлісуді көздеп отыр.

“Қай елде жүрсем де, өзімнің қазақ екенімді мақтан тұтамын. Мен үшін шетелде жетістікке жетудің бір маңызды мәні туған еліңе де пайдаңды тигізе алуыңда”, – дейді Әлібек.

Бір кездері әскери қызметте жүріп, басқа салада өз мүмкіндігін сынауды армандаған атыраулық жігіт бүгінде халықаралық компаниядағы цифрлық өзгерістерге жетекшілік етіп отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 10:00