Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ойымның бәрі Қазақстанда болды": Шетелде тұратын отандастарымыз қазақстандықтарға қалай көмектескендерін айтты

Қазақстанда қақтығыстар кезінде интернет өшіп, кейбір қалаларда ұялы телефон байланысы да нашарлаған. Осы қиын-қыстау кезде 300-ден аса ерікті қазақстандықтарға қол ұшын созып, хабар ала алмай отырған туыстарымен байланыс орнатып көмектесті. Олардың ішінде Ресей, Өзбекстан, Чехия елдерінің азаматтары болған. Stan.kz тілшісі шетелдік және қазақстандық еріктілермен сөйлесіп, қазақстандықтарға қандай қолдау көрсетіп, қалай көмек бергенін сұрады. 

Бұл қызметті қазақстандық блогер Күнекей Нұрлан құрған.  “Бауырмен байланыс” деп аталатын телеграм арнаның қазір 10 мыңнан аса оқырманы бар. 

Бір адамға болса да пайдалы болсақ, бәрі бекер емес

Тамиля Анчуткина, Түркия. Әлеуметтік кәсіпкер, “Бауырмен байланыс” жобасында модератор ретінде жұмыс істеді

Тамиля Анчуткина – Қазақстанда бірқатар жобалар соның ішінде ең бірінші аналарға арналған коворкинг орталық, бизнес мектеп ашып, одан бөлек, экология мен психологиялық қолдау бағытында жобалардың авторы. Сөзінше, бизнес процестерді жоспарлау мен дағдарыс жағдайындағы менеджментті, адамдарды басқарудағы тәжірибенің үлкен көмегі тиген.

“Барлық процесті бірден ұйымдастыру бірінші реттен мүмкін болған жоқ. Бірақ жылдам әрекет еттік. Дегенмен мұндай ауқымда, интернет болмағанына қарамастан, 5000-нан аса өтінішті қарастырып үлгердік. Меніңше, біз тамаша нәтиже көрсеттік.

Бұл – стихиялық оқиға. Менің құрбым, блогер Күнекей Нұрлан өзінің оқырмандарына көмектесіп жатты. Мен осы ретте барлық жағдайды онлайн бақыладым. Чат құрылғанда өз көмегімді ұсындым. Ешкім адам саны тез өсіп кетеді деп ойлаған жоқ”, – дейді Тамиля.

Оның сөзінше, басты мәселе интернеттің жоқтығында еді. Тағы бір қиындық телефон қоңырауын әртүрлі тәсілдер арқылы жасау еді, дейді Тамиля.

“Біз қоңырау шалу кезінде әртүрлі тәсілдерді қолдануға тырыстық. Роуминг, арнайы қосымшалар. Барлығы әртүрлі жұмыс істейді. Оған қоса еріктілер әр жерде орналасты, олардың уақыт бойынша айырмашылықтар бар еді. Дегенмен олардың саны өте көп еді”, – дейді ол. 

Бірі жылап, енді бірі қорқынышын айтты

Волонтер және координатор болып жұмыс істеген Тамиля бұл істе бір адамға болса да пайдалы болсақ, бәрі бекер емес деп санайды. 

“Бізге алғыс айтқандар өте көп болды. Себебі адамдар жақындары үшін алаңдап, жанын қоярға жер таппады”, – дейді ол. 

Ал еріктілер жобаға өз бетінше қосыла бастаған.

“Біз тек адамдарға айтып, ақпаратпен бөлістік. Блогерлер ақпаратты өздерінің парақшаларына шығарды. 1600-ден аса адам көмектеспек болды. Шын мәнінде бұл жағдай бізді біріктерді және жалғыз емес екенімізді көрсетті”, – дейді ол.

Тамиля адамдарға хабарласқан кезде әртүрлі жағдайда тап болғанын айтады. 

“Біреулер бірнеше рет хабарласқанға ашуланып жатты. Бірі жылап, енді бірі қорқынышын айтты. Әртүрлі адамдар болды. Балалармен жалғыз азық-түліксіз, ақшасыз қалғандар бар болып шықты. Қуанып, алғысын айтқандар да табылды”, – дейді ерікті.


Тамақтандырып, қонатын жер тауып берді, жылы киімдерге дейін әкелді: Қырғыз бауырлар шетте қалған отандастарымызға қол ұшын созуда 


Әрине, мұндай жағдайда стресске түсу де мүмкін еді. Алайда еріктілерге арнап арнайы ережелер жасалған.

“Күйзеліске қарсы психологтар тұрғысынан келдік. Оларды қолдап, шаршап қалмауларын сұрап отырдық. Адамдарды бақылап, демалып тұруларын сұрадық. Волонтерлер мені таңғалдырды. Сондай шыдамды, жанкешті”, – дейді ол.

Менің күйзеліске түсуге уақытым болмады. Барлық эмоция мен қысым әрекетке бағытталды. Қазір жағдай тұрақтала бастағанда, Алматыға келгелі бері өз мәселемізге кіріп кеттік. 

Кәсібім жайына қалды, ойымның бәрі Қазақстанда болды

Алуа Есжан, Өзбекстан. Кәсіпкер. “Бауырмен байланыс” жобасында модератор ретінде жұмыс істеді

Алуа Есжан – Қазақстан азаматы, қазіргі уақытта кәсіп жүргізуіне байланысты жұбайымен Өзбекстанда тұрады. 

“Волонтерлік жайында жағдай басталған соң екі күннен кейін білдім. Басқа адамдар сияқты мен де ата-анаммен әрең байланысқа шықтым. Маған Алматыдан досым VPN арқылы хабарласып, қоңырау шалып, “анаңда барлығы жақсы, алаңдама” деп айтты. Содан соң Instagram-ды жаңалықтар оқу мақсатында қарап отырған кезде стористен бір қыздың анасымен 3-4 күн бойы хабарласа алмай жатқанын оқып қалдым. Содан соң оның анасына досым арқылы хабарласып, көңіліміз орнына түсті”, – дейді ол.

Айтуынша, осы қызметтің іске қосылғанын білген соң кәсібі туралы ойлануға уақыты болмай кеткен.

“Компьютердің алдына отырып, жұмыс істейін десем, ойымның барлығы Қазақстанда екенін түсінемін. Сондықтан құрбым мені волонтерлік қызметке шақырғанда мен бірден келісе кеттім”, – дейді Алуа. 

Оның айтуынша, еріктілердің жұмыстары да ішінара бөлінді.

“Жұмыс процесінде кез келген адам өзінің аты-жөнін, телефон нөмірін, жібергісі келетін хабарын телеграмда қалдырады. Біз бұл ақпаратты телефон шалуға мүмкіндігі бар еріктілерге жіберіп отырдық. Телефон қоңырауын шала алатын еріктілер өтініштерді қабылдап, Activ, Beeline сияқты операторлар арқылы адамдардың жақындарына хабарласып, қалын біліп, олардың айтқанын бізге жеткізіп отырды. Мәселен, анасы баласына “бізде бәрі жақсы, оқуыңды уайымдамай жалғастыра бер” деп телефон арқылы айтса, оны ерікті бізге жібереді. Ал біз арнайы кестеге жауаптарды тіркейміз. Осылайша шетелде жүрген баласы анасының хабарын алды”, – дейді ерікті.


Қазақстанда бірнеше күн бойы интернет болмады: Қазақстандықтар үшін абоненттік төлем қайта есептеле ме? 


Одан бөлек, тағы бір еріктілер тобы – шетелдегі адамдар қазақстандықтарға Skype, Rebtel сияқты халықаралық қоңыраулар жасап отырған.

“Осындай қоңыраулардың бірін құрбымның әскерде борышын өтеп жүрген інісіне жасадық. Құрбым шетелде жүргендіктен және інісінің жеке телефоны болмағандықтан қатты уайымдаған. Осы жағдайда оны да әскермен бірге алып шықты ма деген қорқыныш болды. Біз үш күн қатарынан оған хабарласа алмадық. Алайда төртінші күні хабарласқанда оның командирі барлығы жақсы екенін айтты. Осы кезде менің де, құрбымның да қуаныштан көз жасы төгілді.

Еріктілер құрамында психологтар болды. Олар барлығын түсіндіріп, жағдайларды, эмоцияны қатты қабылдамаңдар деп кеңестерін айтып отырды”, – дейді ол.

Никита Запевалов, Ресей,19 жаста, “Бауырмен байланыс” жобасының волонтер-координаторы

Еуропа, Германия, Италия, Чехия, АҚШ, Араб елдерінен еріктілер қосылды

Никита Запевалов – Алматы облысының тумасы, қазіргі уақытта елде жақындары тұрады. 

“Бұл қоғамдастық туралы аяқ асты білдім. Алматыда өңірінде туып өстім. Сондықтан осы жағдай туралы естіп, кез келген ақпаратты іздей бастадым, оларға көмектесуге болатын жолдарды іздестірдім. 

Instagram-да Ұлттық волонтерлік желінің директорында “Бауырмен байланысқа” сілтемені көріп қалдым. Ойланбастан тіркелдім. 6 қаңтардан бүгінгі күнге дейін біз белсенді жұмыс істеп келеміз. Адамдармен әртүрлі қосымшалар арқылы байланыс жасадық, біреулер қарапайым мобильді байланыспен хабарласты”, – дейді ол.

Оның сөзінше, қоғамдастықтағы еріктілер әлемнің көптеген елінде тұрады. Оның ішінде тек алыс-жақын шетел, Ресей ғана емес, Түркия, Еуропа, Германия, Италия, Чехиядан, АҚШ, Араб әмірліктерінен еріктілер бар. 

“Кейбір адамдар қоңырау шалғанда бізді алаяқтар деп ойлап, қорқып жатты. Мұндай жағдайларды реттедік.  Күйзелік болды, әлі де бар. Шынымен де біз колл центр емеспіз, тек бастама танытқан адамдар тобымыз. Кез келген ерікті демалыс алып, жұмысты тоқатата тұруға мүмкіндігі болды”, – дейді ол. 

Қоғамдастықтың, еріктілердің тарапына көп алғыс айтылғанын Никита да айтып отыр. 

Сөзінше, ең эмоционалды сәттер адамдар телефонның арғы жағында қуаныштан, уайымнан жылап кететін есту еді, дейді ерікті.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық блогер Күнекей Нұрлан ел бойынша интернет болмаған бірнеше қосымшаны жүктеп, Қазақстан халқына жақын адамдарымен байланыс орнатуға көмектесу мақсатында  “Бауырмен байланыс” еріктілер қызметін құрғанын хабарлаған едік.  Шетелдің түкпір-түкпірінен 316 ерікті бес күн бойы жұмыс істеп, түскен 7 мыңға жуық өтініштің 50 пайызын қарастырған. Олар ел ішінде байланыссыз қалған адамдардың жақындарына хабарласып, қал-жағдайларын сұрап, туыстарына кері байланыс берген. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр