Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шахизадаға сеніп, сан соғып қалған әншілер бар": Заңгер қаржылық ұйымға алданып қалған эстрада жұлдыздары туралы айтты

Заңгер, Alayaq.net жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбек алаяқтарға сеніп, қаржылық ұйымға алданып қалған эстрада жұлдыздарының есімдерін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Сұрауы бар” подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Заңгердің айтуынша, әншілердің өзі көмек сұрап, хабарласатын көрінеді. 

2009 жылы L-Capital деген компания ашылады. Адам тарту үшін эстрада жұлдыздарын пайдаланған. Өнер адамдары да алданады екен. Жұлдыздар да жылайды деген сөз бекер емес екен. "Қай жерге барсаң, Қайрат Нұртастың, оның анасының аты жүреді" деп жатады. Компанияның түрлі пакеттері болған. Әр пакетті алған сайын, қаражат құйып отырасың. Бағдат Сәмединова 70 мың доллар ақшасын салып жіберген. "Қатерлі ісікке шалдыққанда 15 мың доллар ақшамды әрең алдым" деді. Атын атамай жүргендер қаншама. Ақбота Керімбекова мен Алма Аманжолова да ақшасын қайтара алмай жүр. Шахизадаға сендік деп сан соғып қалған біраз әнші бар. “Әпкеміз осы компанияның кеңесші, бетке ұстары боламын” деп сендіргесін қолымыздағы ақшаны салып көрдік” деп хат жазатындар көп. Әншілердің соңғы ақшасы болмаса да артық ақшаларынан айырылып қалып жатқандар бар. Компанияның схемасы бойынша, Жаңатас қаласында тұз зауыты бар, жұмыртқа шығаратын зауытқа инвестор болсаңыз, 39 ай ішінде ақшаңызды шығарып аласыз деп сендірген. Алғашында кішкентай сумма 15 мың теңгеден басталған. Сол сумма әр ай сайын көбейе берген. Тіпті миллион доллар салып жіберген де адамдар бар. “Табысты инвестор” деген атақ алып кеткен тұтынушылар да бар. Ақшасының жарты бөлігін қайтарып үлгерген Алтынбек Қоразбаев ағамыз да бар екен”, – дейді заңгер. 

Сондай-ақ заңгер әлеуметтік желіде танымал жұлдыздар жарнамалайтын “денсаулыққа пайдалы” діни дәрілік майдың да жұмыс істеу сызбасы  қаржылық пирамидаға ұқсайтынын байқаған.

“Ол компанияның зауыты Шымкентте бар екен. Бизнес болғасын инвесторлар іздейміз, инвестиция құямыз деп компания өкілдері өздері де айтып жүр. Бірақ жеке ойым, оның жұмыс істеу бағыты қаржылық пирамидаға ұқсайды. 250 мың теңгемен кіресің, артыңнан 5 адамды тіркейсің. Адам тіркеген сайын 50 мың теңге түсіп отырады, 5 адамнан кейін ақшаңды шығарып аласың. Әрі қарай саған табыс түсіп отырады. Міне, нақты қаржылық пирамида жүйесінің сипаты шықты”, – дейді заңгер. 

 

Талқылау