Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жұмбақ жағдайда жоғалған 47 жастағы ер адам бір жарым айдан бері табылмай жатыр

Семейде із-түссіз жоғалған 47 жастағы азамат бір жарым айдан бері табылмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Серуендеуге шығып кеткен жігіт ағасы сол күйі үйіне оралмаған.

"Жұмыстан келсем жоқ. Хабарластық. Өшіп тұр нөмірі. Күнде жылаумен отырмын. Сенің тілеуіңді тілеп отырмын”, – дейді Сержан Хасеновтың анасы Рашида Ожайтова.

47 жастағы Сержан Хасенов бұған дейін жақындарына ескертпей хат-хабарсыз үйден кетпеген екен. Ойлары сан-саққа жүгірген туыстары азаматты әлдекімдер құлдықта ұстап, қара жұмысқа жегіп жатыр ма деп қорқады. Себебі, азамат құрылыс саласында жалданып жұмыс істеген екен.

"Ұлымның мінезі тұйық болған, албаты жүрісі жоқ. Көп сөйлемейді өзі. Жуас дейін ба, не дейін енді, сондайға жатады. Менің ойым енді алданып қалды ма балам деп отырмын. Біреу алдап алып кетті ме деп. Жұмыс жағына енді сөз жоқ, кез келген жұмысты істейді. Жұмыскер”, – дейді анасы.

Қазір полиция қызметкерлері хабарландыру қағазын іліп, жоғалған азаматты іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары Сержан Хасеновтың суретін жұртқа да көрсетіп, қоғамдық орындарды аралауға кіріскен. Әзірге тың ақпарат жоқ.

"Ол 20 қаңтарда үйден шығып қайта оралмаған. Арыз түскеннен бері жан-жақты жедел-іздеу шаралары жүргізілуде: Камералар тексеріліп, жоғалған тұлғаның байланыстары орнатылуда”, – дейді Абай облыстық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Нұрлыбек Ақшолақов.

Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарына құтқарушылар мен еріктілер де қосылғанын атап өтті.

Талқылау