Семейде блогер 60-тан аса пойыз қызметкерінен ақша бопсалады деген айыппен ұсталды
Семейде 60-тан астам пойыз жұмысшысын бопсалады деп айыпталған блогер ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Семейде өзін блогермін деп таныстырып, бейнематериалдар арқылы қызметкерлерді бопсалаған ер адам ұсталды.
"Көліктегі ІІБ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған Семей қаласының тұрғыны ұсталды. Ол ар-намысына тиетін бейнематериалдарды таратамын деп қорқытып, Семей арқылы ішкі және халықаралық бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойызы қызметкерлерінен ақша бопсалаған", – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол жолаушының атын жамылып, пойызға мініп, жолда орын алған заңбұзушылықтарды ұялы телефонына жазып отырған. Содан кейін оларды таратамын деген сылтаумен ақша бопсалаған.
"Бұл қылмыс ұзақ уақыт бойы полицияның назарынан тыс қалды, өйткені жәбірленушілер ақпарат тарап кетеді деп, құқық қорғау органдарына хабарласудан қорықты. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына ақпарат түсе бастағаннан кейін ғана сотталушының заңсыз әрекеті тоқтатылды. Қаскөй ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды", – деді ІІМ ТЖДБ өкілі Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша 60-тан астам жолаушылар пойызының жұмысшысы жәбірленуші ретінде танылды.
"Алдын ала тергеу 2021 жылдан бері жүргізілген заңсыз әрекеттердің нәтижесінде ұсталған азаматтың банк шоттарына 48 миллион теңгеден астам ақша аударылғанын анықтады. Қылмыстық іс сотқа жіберілді", – делінген хабарламада.