Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғылым министрі алматылық ЖОО-ларды Қонаевқа көшіру жұмысы қашан басталатынын айтты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қонаевқа ауысқысы келетін университеттердің барын айтты. Алайда бұл жұмыс белгілі бір себептерге байланысты тоқтап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/qonaev_akimdigi

Министр Қонаевта арнайы академиялық кампус құру жоспарланып отырғанын айтты. Жаңа қалада білім ордасына арнап жер бөлінді. Алайда құрылыс жұмыстары қашан басталатыны белгісіз.

“100 гектар жер бөлінді. Қазір инженерлік желідерді күтіп отырмыз. Яғни, ол жаққа су, энергетика, басқа да инженерлік желілер тартылуы керек. Ол біраз уақыт алады. Жалпы жоспар өткен жылы ғана бекітілді. Қазір әкімдік егжей-тегжейлі жоспарды қарастырып жатыр. Біздің университеттеріміз дайын. ЖОО-ны Қонаевқа ауыстыру туралы жариялағанда Алматыдағы бірнеше университет Қонаевқа ауысуға ынта білдірді. Алайда инфрақұрылым жұмыстары жағы баяу, оны бірден салу оңай емес. Сол себепті нақты жоспарларды біз инженерлік желілер бекітіліп, әкімдік “1-1,5 жыл уақытта көше аласыздар” деген белгі берген кезде ғана осы сұрақты пысықтап, өздеріңізге баяндаймыз”, – дейді Саясат Нұрбек. 

Министр Қонаевқа ауысатын университеттерді атауға әлі ерте деген пікір білдірді.

“Ең бастысы жер бөлінді. Біз барып, өз көзімізбен ол жерді көрдік. Қазір жер аумағы бос жатыр. Әкімдіктен “инфрақұрылым пысықталып жатыр” деген белгі келген жоқ. Сол себепті ЖОО-ның атын атауға әлі ерте”, – деді министр.

Десе де, отандық университеттер Қонаевқа көшірілмеуі де мүмкін. Өйткен шетелдік жоғарғы оқу орындар да еліміздегі жаңа қалаға ауысуға ниетті.

“Әрине, қазір шетелдік бірнеше жоғарғы оқу орны да қызығушылық білдіріп жатыр. Үндістандағы үлкен медициналық университет бізге кіріп-шықты, әкімдікке барды. Бізде жаңа кампус салуға ниетті. Сондай-ақ жақында Оңтүстік Корея президентінің сапарының аясында Кореядағы ең мықты университеттерінің бірі – KAIST ұлттық зерттеу университетімен алдын ала келісім-шартқа қол қойдық. Тамыз айында осы келісімді пысықтауға Кореяға барамын. Ол тарап та Алматыға жақын жерден оқу орнын салуға ынталы. Бұл жағдайда біз оларға Қонаев қаласын ұсына аламыз”, – дейді Саясат Нұрбек. 
Талқылау