Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәуірдің ортасында Астанада қардың бір айлық нормасы жауған: Көлік қозғалысы қиындап тұрғындар көшеге шаңғымен шықты

Астанада 15 және 16 сәуірде қалың қар жауып, көлік қозғалысы қиындады. Салдарынан мектептер қашықтан оқуға жіберілген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Астана

Қазгидромет мәліметінше демалыс күндері Астанада 37,6 мм қар жауған. Ал айлық норма 22 мм екен. Дегенмен алдағы уақытта ауа райы құбылмалы болғанымен, жауын-шашын болмайды дейді. Температура +5-7 градусқа дейін көтеріледі. 

"17 сәуірде Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы сақталып, температура -4 градус, түнде -12 градус болады. 18 сәуірде ауа температурасы +3 градусқа дейін көтеріледі, жауын-шашын болмайды. Ал 19 сәуірде +7 градусқа дейін жылынады. Түнде -4 градус, жауын-шашынсыз.

Алдағы күндері еліміздің солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде ауа температурасы 7-15 аязға дейін төмендеуі күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, тұман, оңтүстік аймақтарда шаңды дауыл мен найзағай, солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыста – көктайғақ, жаяу бұрқасын болады деп болжанды", – дейді Қазгидромет өкілдері. 

астана қар

Сәуірде жауған қалың қар салдарынан 1-ауысымда оқитын 0-11 сынып оқушылары мен колледжердің 1-2 курс студенттері қашықтан оқуға ауыстырылды. 

астана

Полиция мәліметтеріне сәйкес қалада 144 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар Астанадан шығар 5 жолда транспорттың барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. 

Қалың қар қоғамдық көлік қозғалысына да кедергі келтірді. CTS Астанада автобустардың жылдамдығы азайғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кей автобустар қарға батып, жолаушылар өздері көлікті итеріп шығарған. Тұрғындар әлеуметтік желіде видеолармен бөлісті. 

"Ауа райының нашарлауына байланысты транспорт ағыны мен қоғамдық көлік жылдамдығы төмендеді, автобус маршруттары кешігеді. Кей жерлерде қоғамдық көліктің жүруі қиындаған. Жолда коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеді CTS компаниясының өкілдері. 

Тұрғындар әлеуметтік желіде такси бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды. Оның үстіне астанада такси саны да азайған.

Астана

Ал тұрғындардың кейбірі көлік қозғалысы мәселесін шешіп, қала орталығында шаңғы тепкен. Астана халқы шаңғышылардың видеосын желіде жариялады. 

Талқылау