Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сән-салтанат салығы, алымдар мен төлемдер санын азайту: Жаңа салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілді

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі жобасын түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Вице-министрдің сөзінше, арнайы салық режимдері оңтайландырылып, бизнестің бөлшектену қаупін азайту шаралары қолға алынды.

“Жаңа Салық кодексінде салық әкімшілігіне баса назар аударылады. Әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіледі. Салық төлеушіні тіркеу оңайырақ болады. Салық есептілігі қысқартылып, бақылау цифрландырылады. Сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу, "сән-салтанат” салығын енгізу, салықтар мен төлемдердің санын 20%-ға азайту, салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту тапсырылды”, – деді вице-министр. 



Сондай-ақ ол салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санын 20%-ға қысқартудың қалай жүзеге асатынын түсіндіріп берді.

"Айтарлықтай фискалдық қайтарым жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Бізде тек 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығымен мәндес. Сондықтан бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдікті режимнің өзі сақталады. Тек төлем кодының атауы өзгереді”, – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, 11 төлемнен екеуін алып тастау ұсынылады.

“Бұл – сыртқы жарнаманы орналастырғаны, жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін жасау керек төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін. Бір төлем болады – табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем. Жалпы, төлем мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады”, – деді ведомство өкілі.

Бұл салықтар мен төлемдер санын 20%-дан астамға қысқарту міндетін орындауға мүмкіндік береді дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Депутат Ринат Зайытов қаржы министрлігінен неліктен Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алған қазақстандық олигархтардың Қазақстанда сән-салтанат салығын төлемей отырғанын сұраған еді. 

Талқылау