Самат Әбіш не себепті қамауға алынбады: Бас прокурор түсіндірді
Қазақстанның Бас прокуроры қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық басшылық құрамы тұтқындалғанына қарамастан не себепті тек Тұңғыш президенттің немере інісі Самат Әбіштің ұсталмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер бас прокурордан ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары ұсталса да, тағы бір орынбасары Самат Әбіштің қамауға алынбауының себебін сұрады.
"Қазіргі кезде Самат Әбішке қатысты ешқандай дәлел жоқ. Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің сан алуан бабы бойынша айып тағылып отыр", - дейді Берік Асылов.
Айта кетсек, қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ұсталғаны туралы ақпарат тарап кеткен болатын. Алайда ұлттық қауіпсіздік комитеті ол мәліметті жоққа шығарды. Артынан 13 қаңтардан бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққаны туралы мәлімет таратылды.
Ал 17 қаңтарда комитеттің ресми сайтында Әбіштің төрағаның орынбасары қызметінен босатылғанын туралы хабарлама жарияланды.
Еске сала кетсек, бұнымен қоса Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды. Ал 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, екі орынбасары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы) мен Дәулет Ерғожин ұсталды. Артынан Мәсімовтың тағы бір орынбасары Марат Өсіпов қамауға алынды. Бас кезінде Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тергеу басталған. Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттерден басқа, "билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр. Пара алу фактілері бойынша тергеу шаралары қолға алынды.