"Сәлем салуды үйрендім": Қытай қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға дайын екенін айтты
Соңғы кездері Сюэ Руй есімді қытай қызы әлеуметтік желіде жұрт назарына жиі ілігіп жүр. Аспан асты елінің ару қазақ тілін меңгеру үшін осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Қазақстанға арнайы келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Қытайлық қызды Қазақстандағы достары Жайна деп атайды екен. Ол "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып жүр.
"Мен 18 жасқа толған кезде университет пен мамандық таңдау керек болды. Сол кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, ынтымақтастық туралы жаңалықты көрдім. Сол сәтте қазақ тілін білетін, қазақ тілінде сөйлейтін адам болашақта керек шығар деп ойладым. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Қазақ тілін үйрену оңай емес. Әуелі маған қазақ тіліндегі екі әріпті, яғни "р", "қ" әріптерін айту қиын болды. Өйткені қытай тілінде бұл екі әріп жоқ", – деді Сюэ Руй.
Қытай қызының Қазақстанда достары көп екен. Ол жеке өмірі туралы сырын ақтарып, егер сезімін селт еткізер қазақ жігіті жолықса, тіпті тұрмысқа шығуға қарсы еместігін де ашық айтты.
"Қазақ жігіттері жақсы екен. Ұнайды. Олардың беті әдемі, бойы биік және мінезі өте жақсы екен. Болашақта тағдыр бұйырса қазақ еліне келін болатын шығармын. Қазақы салт-дәстүрлерді аздап білемін. Өйткені мен бір құрбым тойға шақырды, мен құдаша боп бардым. Ол кісі тойда ата-апаға сәлем салды, шай құйды. Мен оны үйрендім. Иә, келін болсам солай істеймін, дайынмын. Ал сіздің қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ауылда тұру туралы сұрағыңызды түсіндім. Бірақ менде де сұрақ бар. Неге ол жігіт ауылға барады, неге қалада тұрмайды? Мен оны қазір айта алмаймын. Бірақ тағдырым солай болса көреміз енді", – деді ол.
Сюэ Руй дәл қазір Алматыда тұрады. Қазақ тілін үйренуге келген ол магистратураның екінші курсында оқиды екен. Өз мамандығы бойынша келешекке құрған жоспарымен де бөлісті.
"Биыл қазақ тілін меңгеремін, орыс тілін де үйрегім келеді. Қазір блогер болып жүрмін. Қытай-Қазақстан арасындағы достыққа үлкен үлес қосқым келеді. Болашақта халықаралық журналист болғым келеді", – деп қытай қызы сөзін түйіндеді.
Сондай-ақ Сюэ Руй бұл сұхбатында "Қаражорға" биін билеп, Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін шырқап берсе, Димаш Құдайберген туралы да тың деректерді айтты.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз!