Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Садраддин Болат: Анам мені дәретсіз емізбеген, ал әкемнің тағдырын өзіме тілемеймін

Жастардың сүйікті әншісі Садраддин Болат ата-анасынан көрген тәрбиесі мен бауырларымен қарым-қатынасы жайлы сыр ақтарды. Жас әнші көбінесе анасымен сырласатынын, әндерін де сол кісімен ақылдаса отырып жазатынын мәлімдеді. Ал әкесінің тағдырын қайталағысы келмейтінін жеткізді. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Уақыты келгенде әкем туралы әңгімені әнмен жеткіземін. Әкеме ешқандай ренішім жоқ. Уақыты келгенде айтылады", - деген Садраддин асқар тауы туралы сөз қозғағысы келмейтінін меңзеді. Десе де, журналистің сансыз сауалынан соң, әңгіменің шетін шығарды.

"Әкеммен бір шаңырақ астында тұрдым. Әке тәрбиесін көрдім деп айта аламын. 

Бірақ ер бала әкесінен қарағанда анасына жақын болады деп жауап берейін. Анам кәсіби музыкант болғандықтан, әндерімді сол кісінің пікірімен санаса отырып жазамын. Әкем музыкант ретінде қолдаған жоқ. Басқа маман болғанымды қалады.

Ал мен өнерден басқа дүниемен айналыса алмайтынымды білгенмін. Халыққа өнерімді көрсетемін деген кішкентай кезімнен арманым бар. 
Әкемнің тағдырын қайталаудан қорықпаймын, бірақ өзіме тілемеймін", - деп мәлімдеді Садраддин.

Әншінің сөзінше, анасы кішкентайынан оның тәрбиесіне ерекше ден қойған. Үйдің тұңғышы болғандықтан, ересек адам сияқты қарап, тіпті маңызды шешімдерді Садраддиннің өзіне қабылдатқан. Сондай-ақ, дүниеге келгенінен бастап, Ұлы ақын Абайдың анасының ізімен жүруге тырысқан.



"Ересек адам ретінде отбасымда шешім қабылдай аламын. Анам кішкентай кезімде: "Абай атымызды анасы дәретсіз емізбеген. Абай атамыз содан алғыр бала болып тәрбиеленген", - деп айтатын. Мені де солай өсірген.

"Түнгі сағат 5 болсын, қанша жерден шырылдап жатсаң да, дәретсіз емізбейтінмін", - деп әлі күнге дейін айтады. 

Кішкентай кезімнен бала сияқты қарамаған. Үйде орны бар адам ретінде тәрбиеледі. Тірлікке де салды", - дейді Садраддин.

Садраддин үйде үш баланың үлкені. Өзінен кейін інісі мен қарындасы бар. Айтуынша, отбасында барлығы өзара тығыз қарым-қатынаста. 

"Мен үйдің тұңғышы болғаннан кейін, жауапкершілік үлкен. Мен оларға үлгімін. Мысалы, темекі шекпе деп айтудың қажеті жоқ. Мен тек ісіммен көрсетемін. Үйдегілермен көп сырласамын", - деп ағынан жарылды Садраддин. 

Талқылау