Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл атақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашты": "Қазақстан аруы-2023” атанған Сабина Ыдырысова байқаудан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты

Сұлулық байқауына қатысып, қазақ қызының бет-бейнесі атану – үлкен міндет. Осы тұста "Қазақстан аруы-2023” атанған алматылық 21 жастағы Сабина Ыдырысова байқау мансап жолында өзіне көп мүмкіндік бергенін жасырмады. Ару Stan.kz тілшісіне отбасы, байқаудан кейінгі өмірі мен не себептен балетті тастап, сұлулық додасына қатысқаны туралы айтып берді.  

Сабина – отбасының кенжесі. Ағасы мен әпкесі заң саласында қызмет етеді. Ал ата-анасының өнерге қатысы жоқ екен. Дегенмен ару шығармашылықпен бала кезден айналысқысы келгенін жеткізді. Сол себепті Александр Селезнев атындағы хореографиялық училищеге түсіп, сол жерде 8 жыл балеттің қыр-сырын үйренген екен.

“Балалық шағымды жылулық пен қуанышпен еске аламын. Кішкентайымнан ойын-сауық саябақтарын, аттракциондарды, жақсы көретінмін. 1-сыныптан бастап көркем гимнастика үйірмесіне барғым келді. Бұл менің балетке қызығушылығымды арттырды. Ал хореографиялық училищеге түскеннен кейін өмірім қызықты сәттерге толы бола бастады. Балет бұл – жарақатқа толы өнер. Әрине, аяқ та, арқа да ауырды. Қажап, жараланған да сәттер болды. Тіпті бәрін тастағым келген кездің де болғанын жасырмаймын. Алайда осы кедергілер менің өзіме деген сенімділігімді арттырып, одан сайын қайрай түсті”, – деді ару.

“Қазақстан аруы” атанған бойжеткен балеттен кетуінің тағы бір себебі отбасының өзі үшін алаңдауы болғанын алға тартты.

"Астана балет" театрында 3 жыл қызмет еттім. Балет маған ұйымшыл, еңбекқор болуды, барлық дүниеден сұлулықты көруді үйретті. Соның арқасында классикалық музыканы да сүйіп тыңдайтын болдым. Шынымды айтсам, балеттен кетуімнің себебі туралы ашып айтқым келмейді. Мұндай шешімді қабылдау өте қиын болды. Осы тұста үлкен әпкем қолдады. Ол балетте жүргенімде әркез денсаулығым үшін алаңдайтын. Өйткені балерина болу - бұл тынбай демалыссыз еңбекті қажет етеді. Бұрын да айтқанымдай отбасы - адамның ең қымбат байлығы.

Балеттен кетуімнің тағы бір себебі осы отбасым мен ата-анам болды. Ата-анамды қатты жақсы көремін және алыстағым келмейді. Бір қалада тұруды жөн көрдім. Әрине, кейде сахна мен ұжымды сағынамын. Алайда бүгінде өз шешіміме өкінбеймін”, – деп қосты ару. 

Сабина сұлулық байқауына шақыртуды өмірінің ең қолайлы сәтінде алғанын айтады. 

“Бұрын мұндай сұлулық байқауларына қатысуға деген ұмтылыс болмапты. Қатысу, ұту туралы да ойламаппын. Байқауға дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз дайындық лагерінде 10 күн бірге тұрдық. Әр сағатымыз жоспарланды. Бізде дефиле, хореография, йога, фитнес бойынша жаттығулар өткізілді. Біз осы уақытта дұрыс тамақтандық. Барлық сабақ білікті мамандардың басшылығымен өткізілді. Біз сенімді, достық қарым-қатынас орнаттық. Қажет болған жағдайда бір-бірімізді қолдадық. Тек мен үшін ең қиын сәттердің бірі биік өкшелі аяқ киіммен тік жүру болды”, – деп еске алды ол.

Сабина байқаудағы ұтыстың бір бөлігін отбасылық қажеттіліктерге және білім деңгейін көтеріп, саяхаттауға жұмсайтынын алға тартты.  

“Бұған дейін балерина ретінде бірнеше рет түрлі жарыстарға қатысып, халықаралық байқауларға да бардым. Ал мұндай сұлулық байқауына алғаш рет қатысуым. Жарыс жоғары, кәсіби деңгейде өтті. Маған конкурсқа дайындық, стилист, әрлеушілердің, суретшілердің, барлық маман ұйымдастыру қабілеттері ұнады”, – деп қосты ол.

Сабина қазір “Әлем аруы” байқауына қызу дайындықты бастаған. Шет тілін жетілдіріп, спортзалға барып, шешендік өнерден бірнеше сабақ алып жүргенін алға тартты.

“Әрине, "Қазақстан аруы" атағы көптеген мүмкіндік пен жаңа бағыт ашты. Қазір модельдік агенттіктерден, киностудиялардан, спорт залдарынан көптеген ұсыныс келіп түсуде. Оларды қарастыруға және өзім үшін пайдалысын таңдауға болады.

Енді осы атақты алған Қазақстан азаматшасы, Алматы мегаполисінің тұрғыны ретінде мені қазір ең алдымен шаһарымыздағы ауаның ластануы толғандырады. Еліміздің барлық тұрғындарын, туристер мен қонақтарды қоршаған табиғатты сақтауға шақырар едім. Қоғамдық орындарда және табиғи аймақтарда тазалықты сақтасақ деймін”, – деді Сабина. 

“Қазақстан аруы – 2023” атанған сылқым алдағы уақытта тұрмыс құру туралы ойы да бар екенін алға тартты. Алайда ол алдымен жақсы білім алып, ата-анасын қамтамасыз етіп, аяққа тұруды мақсат еткен. Ару сұлу сымбатына да ерекше мән беретінін айта кетті.

“Әдемі әрі жақсы көріну үшін тек күтім құралдары мен сәндік косметиканы қолдану жеткіліксіз. Алдымен тамақтануды қадағалап, спортпен шұғылдану өте маңызды. Таза ауада жиі болып, жақсы адамдармен көбірек араласуға кеңес берер едім. Жақындарыңызға көбірек уақыт бөлу де маңызды. Ал күтім құралдарына келсек, мұнда әркімнің ағзасы әртүрлі болғандықтан арнайы бір әдіс-тәсіл мен құралдарды ұсына алмаймын”, – деп қосты ол. 

Еске салсақ, "Қазақстан аруы-2023" сұлулық байқауының жеңімпазы анықталғанын хабарлаған едік. 

Талқылау