Ревакцинациядан бас тартқандарға шектеу қолданыла ма: Министрлік жауап берді
Ревакцинациядан бас тартқандарға шектеу қолданыла ма? Бұл сауалға денсаулық сақтау министрінің орынбасары-Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, ревакцинацияны вакцинаның үшінші дозасын алу деп атауға болады.
“Яғни вакцинаның екі компонентін алып қойған азаматтарға бүгінде ревакцинациядан өтпегені үшін қандай да бір қосымша шектеулер қарастырылып жатқан жоқ. Бұл мәселелерді әзірге қарап та жатқан жоқпыз. Бұл жерде айта кететін дүние, ревакцинация процедурасының өзі көп жағдайда алдын ала белгіленген топтар арасында өтеді. Олардың кімдер екенін бағана да айттық. Яғни бұл санатқа халықтың денсаулығы осал топтары жатады. Сондай-ақ ағзадағы антидененің талдауы теріс нәтиже көрсеткен адамдар ерікті түрде ревакцинацияға келе алады", – деді Ерлан Қиясов.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн брифингте елімізде ревакцинация қалай ұйымдастырылатынын айтып берген еді.