Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ресей Курск облысының "азат етілгенін" мәлімдеді және операцияға Солтүстік Корея әскерилерінің қатысқанын растады

Фото: Вячеслав Прокофьев / РИА Новости

Курск облысын украиналық әскери күштерден азат ету операциясы аяқталды. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу барысында Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

"Бүгін Курск облысындағы Украина Қарулы күштерінен (ВСУ) соңғы елді мекен – Горналь ауылы азат етілді", – деді Герасимов.

Путиннің айтуынша, Курск шекара маңында қарсыластың толық талқандалуы Ресей әскерлерінің басқа маңызды майдан учаскелерінде де табысты әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет басшысы Курск облысын азат етуге қатысқан әскери бөлімшелердің жеке құрамын құттықтап, алғысын білдірді.

Киев Кремльдің мәлімдемесін шындыққа жанаспайды деп атап, Украина Қарулы күштерінің Ресей аумағындағы операциясы жалғасып жатқанын хабарлады.

"Украинаның Қорғаныс күштерінің Курск облысының кейбір аудандарындағы қорғаныс операциясы жалғасып жатыр. Оперативтік жағдай қиын, бірақ біздің бөлімшелер белгілі бір позицияларды ұстап тұр және белгіленген міндеттерін орындап жатыр", – делінген Украина Бас штабының хабарламасында.

Сондай-ақ Бас штаб бастығы Курск облысындағы операцияға Солтүстік Корея әскери күштерінің қатысқанын растады.

"Корея Халық Демократиялық Республикасы әскери қызметкерлері Курск облысында ресейлік әскерлермен иық тіресе әрекет етіп, табандылық пен ерлік көрсетті", – деді Герасимов.

"Ресей тарапы КХДР-дегі достарын ешқашан ұмытпайды", – деді Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Курск облысын Украина Қарулы күштерінен азат ету және бұл операцияға Солтүстік Корея әскерлерінің қатысуы туралы пікір білдіре отырып.

Украинаның шекаралас өңіріне Украина Қарулы күштерінің (ВСУ) күтпеген шабуылы 2024 жылдың 6 тамызында басталған болатын.

 

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 27 Сәуір, 2025 08:26
Талқылау