Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

RAMS Qazaqstan компаниясы Алматыда алғаш рет жылжымайтын мүлік саласында халықаралық форум өткізді

RAMS Qazaqstan компаниясы 21 маусымда Алматыда Rams PARTNERS REAL ESTATE Summit халықаралық форумын өткізді. Құрылыс компаниясы ұйымдастырған жылжымайтын мүлік саласындағы маңызды шараға нарықтағы көшбасшылар бас қосып, тәжірибелерін бөлісті. 

Ауқымды шараға кәсіпкерлер мен түрлі саладағы мамандар да қатысты. Олар бизнес бағытында түрлі кеңестер тыңдады. 

RAMS Qazaqstan компаниясы мұндай пайдалы әрі ауқымды форумды енді жыл сайын өткізетінін мәлімдеді. 

“Бүгінгі бас қосу кәсіпкерлер үшін жылжымайтын мүлік нарығындағы маңызды сауалдарды талқылап, жаңа таныстық пен серіктестер тауып, кәсіпті дамытуда, жаңа бағытқа шығуда маңызды қадам жасауға көмектеседі. Бұл алғашқы халықаралық форумымыз жалғасын тауып, жыл сайын өткізілетін болады деген сенімдемін. Мұнда біз Алматыдағы жобаларымызбен таныстырып, түрлі сауалдарға жауап береміз. Жалпы компаниямыздың үлкен жобалары бар. Қонақүй, тұрғын үй, бизнес центр сияқты ғимараттар салу үлкен деңгейді көрсетеді. Сондықтан форумымызды ашық деп жариялаймыз, қош келдіңіздер”, – деді RAMS Qazaqstan компаниясы бас директорының орынбасары Джем Джиритджи. 

RAMS Qazaqstan компаниясының PR бөлімінің директоры Евгения Кожа-Ахмет форумның негізгі мақсаты барлығының басын қосып, жаңа серіктестікке жол ашу екенін алға тартты.

“RAMS Qazaqstan компаниясы біздің қазіргі серіктестеріміз бен болашақ әріптестеріміз үшін осындай жаңа алаңды ұйымдастырды. Аталған іс-шараның мақсаты біздің қонақтарымызды жалпы компаниямыздың жобаларымен таныстыру. Компания 26 жылдан астам уақыт бойы құрылыс саласында ғана емес, медицина, қонақүй бизнесі, медиа салаларын да жүзеге асырып келеді. Компания тұтастай алғанда халықаралық форматты қамтиды. Яғни 7-8-ден астам елде жұмыс істейміз. Сондықтан бүгін қонақтарымыз үшін белгілі бір бағыт бойынша одан әрі ынтымақтасуға барынша мүмкіндік бергіміз келеді. Бүгін Rams серіктес алаңында Қазақстан аумағында аяқталған жобалар таныстырылады”, – деді Евгения Кожа-Ахмет.

Форумда RAMS Qazaqstan компаниясының сату бөлімінің директоры Ислам Пенюков те сөз сөйледі. Ол компанияның “Rams City”, “Rams Saiahat”, “Rams Evo” тұрғын үйлерін таныстырып, ерекшеліктерін атады.

 “Өздеріңіз білетіндей, компаниямыз нарықта көш бастап тұр. Біз өзімізге маңызды тапсырмалар мен міндеттер қоямыз. Соның бірі – Алматы қаласының инфраструктурасын дамыту. Сол себепті алдағы уақытта қаламызға тағы бір саябақ салынады. Саяхат ауданы біздің ата-әжелеріміз бен ата-анамыздың бір-бірін қарсы алып кездесетін тарихи жеріне айналды деуге болады. Осы тарихи жерді жандандырып, сағат бейнеленген мұнарасы бар саябақ салып, оны қаламызға, қала тұрғындарына ұсынбақпыз. Сонымен қатар RAMS Saiahat тұрғын үйі де әдеттегідей адамдардың жайлылығын қамтамасыз етеді”, – деді Ислам Пенюков.

Компанияның сату жөніндегі директорының айтуынша Rams салған әр ғимарат өзіндік мақсатқа ие. Мәселен “Rams City” тұрғын үй комплексінің әр бұрышы отбасы құндылығы мен байланысын арттыруға ерекше назар аударылса, “Rams Evo-да” еуропалық стильде, әр жері жоғары талғаммен жасалған. Сол секілді өзге де ғимараттар табиғаты таза, барлығы қолжетімді әрі жайлы аумақта орналасқан. 

“Біздің мақсат – тұрғындарға максималды түрде жайлылық жасау. Мәселен таза ауа табиғат аясын сезіну үшін алысқа, қала сыртына ұзаудың қажеті жоқ. Себебі біздің тұрғын үйлер аумағында барлық жағдайды қарастырылған. Тіпті бағбандық ұнайтын адамдарға арналған арнайы орындарымыз да бар. Сонымен қатар жазғы сейіл орны секілді қыста да таза ауада демалуға болатын қысқы бағымыз бар. Одан бөлек, әрине қазақстандықтарды қонақсыз елестету қиын. Ал осындай қонақтар көп келген жағдайда өзіңіздің тұрғын үйден олар үшін арнайы орын (номер) жалдауға болады”, – деді компанияның маркетинг және сату жөніндегі директор Артем Жук. 

Іс-шара ортасында Ислам Пенюков компанияның өз тұрғындарына ұсынатын тиімді артықшылымен таныстырып, арнайы презентация жасады. 

Rams компаниясынан пәтер алған барлық қазақстандықтарға үш деңгейлі жеңілдік картасы ұсынылады. Мәселен Gold – 2%, Platinum – 3%, және Elite – 4% жеңілдік береді. Бұл карталарды пәтерді сатып алған тұрғындар достарына, жақындарына ұсына отырып, өздері кэшбекке ие болады. Яғни осылайша егер танысыңыз Rams компаниясынан бір пәтер алса – Gold картасын, екі пәтер алса – Platinum, ал үштен көп алса – Elite картасын ала алады. Бұл арқылы пәтер сатып алғанда немесе Rams компаниясы серіктестік ететін жерлерден жеңілдік болады. 

Шарада риелторлар, жылжымайтын мүлік саласындағы мамандардан бөлек, өзге де компания өкілдері бой көрсетті. Yandex Ads компаниясының Бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Андрей Чанов сөз сөйлеп, өз саласында жылжымайтын мүлікке сұраныстың қаншалықты деңгейде екенін тілге тиек етті. 

“Яндекстің құрылыс саласына қандай қатысы бар деген сауал туындап отырған шығар. Әрине біздің бағытта да құрылыс нарығы бойынша көп сұраныстардың бар екенін көруге болады. Біз  кәсіпте дұрыс бағытты түсініп, соған ден қою үшін Қазақстандағы жаңа сервисті жасадық. Одан көпшіліктің жылжымайтын мүлік бағытындағы түрлі сауалдарын кездестіреміз”, – деді Андрей Чанов.

Rams Qazaqstan компаниясы кейінгі үш жылда “Ortau”,  “Lamiya”, “Rams City1”, “Nomad1”, “Nomad2”, “Navoi3.0”, “Laverde” тұрғын үйлерін пайдалануға берген. Алдағы жылдары Алматыда “Rams Signature”, “Rams Garden”, “Rams Evo”, “Rams City”, “Rams Saiahat” атты үлкен жобаларды салып жатыр.

Компания еліміздің әлеуметтік бағытында да түрлі қайырымдылық шараларына атсалып, жыл сайын тыл ардагерлеріне, аз қамтылған отбасылар мен қоғамдық қорларға көмек етеді. 2023 жылы компания “Азия дауысы” фестивалінің басты серіктесі болса, 2024 жылы Ыстамбұлда әлемге танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің концертін ұйымдастыруда қолдау көрсетті. 

Сонымен қатар RAMS Qazaqstan компаниясы автомобиль нарығындағы көшбасшылардың бірі “Hyundai Qazaqstan-ның” еліміздегі ғимарат құрылысымен де айналысты. 

RAMS Qazaqstan – Қазақстандағы құрылыс нарығындағы көшбасшы компаниялардың бірі. 1997 жылы құрылған компания осы уақыт аралығында Алматыда 60-тан астам жоба салып, 20 мың пәтер мен 4 000 000 шаршы метр жылжымайтын мүлікті пайдалануға берді. Құрылыс компаниясы "комфорт", "бизнес" және "премиум" кластарында үйлер салады.

RAMS Qazaqstan-ның Қазақстан, Түркия, БАӘ, Германия, Әзірбайжан, Венгрия, Таиланд, Ресей секілді сегіз елде ірі жобалары бар. Қазір компанияда 15 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Талқылау