Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында аула сыпырушы ағаш кесемін деп мүгедек болып қалған: Туыстары шенділердің 80 мың теңге бергеніне наразы

мүгедек боп қалған
Фото: Видеодан скриншот

Атырау облысында биік ағаштан құлап, мүгедек болып қалған аула сыпырушы аймақ басшысынан көмек сұрайды. Себебі аудандық әкімдікте жұмыс істеген зейнеткер басшылықтың тапсырмасымен шіріген бұтақты кесіп, жерге құлаған екен. Төсек тартып, еңбекке жарамсыз болып қалған Сыналбек Дошановтың туыстары шенеуніктер қолымызға 80 мың теңге ғана ұстатты деп ашынады. Алайда бұл қаражат ем тұрмақ, дәрі-дәрмекке де жете алмапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

63 жастағы қарияның төсек тартып жатқанына бір жылдан асты. Бел омыртқасы зақымданған зейнеткердің қозғалуы қиын. Тіпті басынан соққы алып, сөйлей алмайтын халге жеткен. Ұзақ жыл әкімдікте қара жұмыс істеген азаматтың енді ешкімге керексіз болып қалғаны жақындарының жанына батты.

“Одан бұрын тапсырма берілген. Ол күні үлгере алмаған соң, келесі күні шығып бітіріп тастайын деген ғой. Өзі үлкен адам, қан қысымы бар. Әкімдік бастапқыда шамалы ақша жинап берген. Бірақ мен жүріп-тұруымыз үшін несие алдым. Екі ортада тасып жүрдім. Бір 80 мыңмен қалай қаратамын”, – деді жұмысшының жұбайы Шолпан Жанғалиева.

Сыналбек Дошанов аудандық әкімдікте аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Былтыр 22 қаңтарда басшылықтың тапсырмасымен ағаш кесуге барып, биіктен құлаған. Өндірістік жарақат алғанын дәлелдесе де, шенеуніктер өтемақы төлемепті. Сондықтан сотқа беруге мәжбүр болыпты.

“Сотқа тапсырып қойдық. 4 қыркүйек сот болады деген. Қалай шешілетінін білмеймін. Өндірістік жарақат үшін биыл тек аудандық ауруханада реабилитация алдық. Қазір апара алмаймын, жедел жәрдем күнде келе бермейді. Күйеуім жүре алмай, памперспен жатыр. Енді өндірістік жарақат үшін дұрыс өтемақы өндірілуін талап етеміз”, – деді жұмысшының жұбайы.

Еңбек инспекциясы комиссия құрып, тексеріс жүргізген. Қорытындысы бойынша жұмыс беруші тараптан талай заңсыздықтарды анықтапты.

“Комиссия жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі тарапынан оқыту мен білім тексеруді тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын, жұмыстың қауіпсіз жүргізілуін бақылаудың жеткіліксіз болғанын, қызметкердің арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарының қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сонымен қатар биіктікте ағаш бұтақтарының кесу жұмыстарын қауіпсіз ұйымдастырылмаған”, – деді Атырау облысы еңбек инспекциясының бөлім басшысы Ислам Игамбердиев.

Әкімдік өкілдері жұмысшыға қолдан келген көмекті көрсеттік дейді. Енді тараптар бұл мәселені сотта шешпек.

Еске салсақ, Атырау облысында аула сыпырушы әкімдік маңындағы ағашты кесемін деп мүгедек болып қалды.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 08:11