Қазақстандықтардың ипотека мен несие алуы қиындай түседі

Қазақстанда әрбір қарыз алушы үшін несиенің ең жоғары сомасы шектелмек. Жаңа лимит адамның ресми табысына байланысты болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің қаулы жобасы 20 мамырда жарияланды. Егер құжат қабылданса, жаңа ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Негізгі өзгеріс – қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТҚК) енгізу. Енді банктер адамның тек ай сайынғы төлемін ғана емес, барлық қарыздарының жалпы көлемін де есепке алады.
Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандықтың жалпы қарызы оның жылдық табысынан сегіз еседен артық болмауы тиіс. Егер лимит асып кетсе, банк жаңа несиеге мақұлдау бере алмайды. Бұл ипотекаға, автонесиеге, бөліп төлеуге немесе тұтынушылық несиеге де қатысты болады.
Есептеу кезінде мыналар ескеріледі:
- Ипотека;
- Автонесиелер;
- Бөліп төлеу;
- Микроқарыздар;
- Мерзімі өткен берешектер.
Банктер несие өтінімі берілген сәттегі қарыздың бастапқы сомасына емес, қалған берешек көлеміне қарайды.
Мысалы, егер адамның ресми айлық табысы 500 мың теңге болса, оның жылдық табысы 6 миллон теңге болады. Мұндай жағдайда барлық несиелер бойынша жалпы лимит шамамен 48 миллион теңге болуы мүмкін.
Егер қарыз алушының бұрыннан мынадай берешектері болса:
- Автонесие – 15 млн теңге;
- Тұтынушылық несие – 5 млн теңге;
- Бөліп төлеу – 350 мың теңге.
Онда қарыздың жалпы қалдығы – 20,35 миллион теңге. Сәйкесінше, банк жаңа несиені тек қалған лимит шегінде ғана мақұлдай алады.
“Жаңа ережелер халықтың қарыз жүктемесін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, ипотека немесе автонесие үшін әзірге бөлек шектеулер енгізу жоспарланбаған – лимит барлық несие түріне ортақ болады”, – дейді Ұлттық банктегілер.
Болашақта ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға ұсақ несиелер мен бөліп төлеулерді алдын ала жауып, мерзімі өткен қарыздарға жол бермей, ресми табысын растау ұсынылады.
Бұған дейін Қазақстанда несие алушының табысына қарай қарыздың шекті мәні енгізілетіні туралы жазған едік. КБК қарыз алушының берешек мөлшерін оның жылдық кірісінің саны арқылы көрсетеді. КБК-ның жоғары мәні борыштық жүктеменің ұлғайғанын және қарыз алушының төлем қабілетіне қатысты қауіп артқанын білдіреді. Қолданыстағы қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) сияқты, КБК да қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін есептеледі.
Күніне 1,6 млн теңге: Қазақстандағы банктер топ-менеджерлеріне 2025 жылы қанша сыйақы төледі
Оқыңыз