Қазақстандық блогер Porsche көлігі үшін 20 миллион теңге салық қарыз болып қалған
Қазақстандық блогер Анатолий Филатов қымбат көлік сатып алғаннан кейін 20 миллион теңге көлемінде төлем жасау керегі туралы хабарлама алғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, алғашында бұл табыс салығына қатысты шығар деп ойлаған. Алайда кейін мәселе сатып алған көлігіне байланысты екені белгілі болған.
Филатов сәуірде Porsche 911 автокөлігін 200 миллион теңгеге сатып алған. Блогердің айтуынша, енді ол көлік құнының 10%-ы көлемінде, яғни 20 миллион теңге акциз төлеуге тиіс.
Бұл сома оның өзі үшін де күтпеген жаңалық болған.
“20 миллион теңге мен үшін аз ақша емес. Аздап көңілім түсті, шынымды айтсам, бұл жағдай мені қатты қынжылтты”, – деді ол.
Кейін блогер бұл жағдайға жеңілдеу қарауға тырысқанын айтқан. Тіпті мұның жақсы жағын да тапқан. Оның сөзінше, мемлекет оны мұндай соманы төлей алатын ауқатты адам деп есептейтін сияқты.
Филатов қымбат көлік сатып алуды жоспарлап жүргендерге қосымша шығындарды алдын ала есептеуге кеңес берді. Сондай-ақ мұндай сатып алудың шынымен қажет-қажет емесін бірнеше рет ойланған дұрыс екенін айтты.

Блогердің жазбасы желіде қызу талқыланды. Пікір қалдырғандардың бірі “Бумер” фильміндегі белгілі сөзді еске салған:
“Саған мұндай көлік керек емес, бауырым!”, “Мен ақша таптым, барлық салығымды төледім, енді сатып алған затым үшін тағы салық төлеуім керек пе?”, “Мемлекет сенің мүлкің арқылы бюджетті толықтырмақ болған екен”, “Көлікке 200 миллион тапқан екенсің, салыққа 20 миллион да табылар”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, сатып алу құны 18 000 АЕК және одан жоғары жеңіл автокөліктерге 10% мөлшерінде акциз салынады. Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда жеке “сән-салтанат салығы” енгізілмегенін, алайда қымбат мүліктің жекелеген түрлеріне осындай салық салу тәртібі қарастырылғанын түсіндірген еді.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді