Qazaq Air инвесторының ауысқанынан не өзгереді – Министр жауап берді
Көлік министрі Марат Қарабаев мәжіліс алаңында Qazaq Air әуекомпаниясының шетелдік инвесторға сатылғанынан не өзгеретінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарабаев әуекомпанияны сату барысында Vietjet халықаралық компаниясы да қызығушылық білдіргенін айтты.
"Бұл компанияның бірнеше міндеті бар. Біріншісі – Qazaq Air компаниясының 38 миллиард қарызын толық жабу. Екіншісі – Қазақстанда тіркелген қосымша 20 ұшақ. Компания Қазақстанға 50 ұшақ жеткізуді жоспарлап отыр. Бес жыл ішінде Қазақстанға кемінде 5 миллиард инвестиция сомасында қосымша 50 ұшақ келеді", – деді министр.
Оның айтуынша, халықаралық компаниялардың бұған қызығушылық білдіргеніне қарап, олардың Қазақстанға сенетінін көруге болады.
"Қызмет алушы мен халыққа қолжетімдік маңызды. Енді әуе кемелерінің саны жеткілікті болған кезде қызмет қолжетімді болады. Vietjet компаниясы бұл қолжетімдікті қамтамасыз етіп, ұшақтарды әкеледі. Бәсекелестік туындаған соң бұл билет бағасына да әсер етеді", – деді ол.
Әуе компаниясының атын өзгерту немесе өзгертпеу жаңа инвестордың көзқарасына байланысты.
"Бұл жерде ішкі рейстер ғана емес, халықаралық рейстер де болады. Бұл – біздің келіссөздердегі ұстанымымыз, біз өз нарығымызға және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береміз. Біз компаниямен әуежайларды беру мәселесін талқылап жатырмыз. 50 ұшақ және оларға сай келетін әуежай болуы керек. Ал біз әуежайға қосымша инвестиция салу шартымен бірнеше әуежайды сенімгерлік басқаруға беру мәселесін талқылап жатырмыз.", – деді көлік министрлігінің басшысы.
Ол ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты ойға да пікір білдірді.
"Төтенше жағдай болған жағдайда Қазақстан аумағында орналасқан барлық нысанның бақылауда болуын реттейтін заң бар”, – деді ол.