"Қанатының астына алды": Ерке Есмахан ұстазы Баян Мақсатқызына алғысын білдірді

Өнерге қайта оралған әнші Ерке Есмахан ұстазы Баян Мақсатқызына жүрекжарды жазба арнады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші жаңа альбомын таныстырар алдында Баян Мақсатқызының үйіне қонаққа барып, кейін Instagram парақшасында продюсерге қатысты естеліктерін бөлісті.
Еркенің айтуынша, өнер жолындағы алғашқы қадамында оған сенім артып, қанатының астына алған жан – Баян Мақсатқызы болған.
“Өнер жолымдағы анам десем, артық айтқаным емес. Ең алғаш кездескен күнім әлі есімде. Сонау жылдары Баян Мақсатқызы мені қабылдап, қанатының астына алды. “Сен жеке әнші болуың керек” деп, арманымды түсінді. Маған сенді. Ақылым да, бағыт берушім де болды”, – деп жазды әнші.
ОқыңызСондай-ақ Ерке Есмахан продюсердің қазақ эстрадасына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
“Баян Мақсатқызы – менің ғана емес, бүгінгі қазақ сахнасында жарқырап жүрген талай қыздың бағын ашқан, талай таланттың жолын қалыптастырған үлкен продюсер”, – деді ол.
Әнші жаңа альбомын көрсетер сәтте Баян Мақсатқызынан тілек сұрағанын айтып, оның шынайы әңгімесін тыңдап көзіне жас алғанын да жасырмады.
“Тыңдап отырып жылап қалдым. Сіздер де тыңдаңыздар”, – деп жазды Ерке Есмахан.
Баян Мақсатқызы да Ерке Есмаханға ақ тілегін арнап, алғаш танысқан сәтін еске алды.
“Көп жыл бұрын кастингіме аппақ, нәзік, жанарында аңғалдық бар бір қыз келді. Ол маған қарап, ғажайыпқа сенді. Мен де бұл қыздың бір күні нағыз ғажайыпқа айналатынына сендім. Арада талай жыл өтті. Бүгінде ол мықты, өте талантты, сүйікті әрі танымал әншіге айналды”, – деді продюсер.
Ол Еркенің қазіргі өміріндегі жетістіктеріне де қуанышты екенін жеткізді.
“Бүгінде ол – үш баланың бақытты анасы, мен құрметтейтін талантты азаматтың жары. Кезінде кішкентай әрі аңғал болған қыздың әрбір жеңісі мен жетістігіне шын жүректен қуанамын. Қазір Ерке Есмахан – үлкен өнер иесі, нағыз кәсіби маман. Бәрінің дәл осылай болғанына қуаныштымын”, – деді Баян Мақсатқызы.
Продюсер әншіге шығармашылық жолының ұзақ әрі табысты болуын тіледі.
“Ерке, саған ұзақ, бақытты әрі табысты жол тілеймін. Өз қанатыңмен еркін самғай бер. Сен біздің аққуымызсың. Сахнаға шыққан сайын саған сүйсіне қараймын. Өйткені сенде ешкім қайталай алмайтын ерекше сұлулық, нәзіктік пен тартымдылық бар”, – деп ақ тілегін білдірді ол.