Әнші INNA-ның қазақша сөйлегені алматылық көрерменді сүйсінтті

Румыниялық әнші INNA Алматыдағы концертінде көрермендерге қазақ тілінде тіл қатып, жұртты тәнті етті. Әншінің қазақша сөйлеген сәті әлеуметтік желіде жылдам тарап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сахнаға шыққан INNA залдағы жанкүйерлеріне:
“Сәлем, Алматы! Менің атым – INNA. Мен сені сүйемін. Рақмет!” – деп үн қатты.
Әншінің бұл сөздерін көрермендер зор қошеметпен қарсы алды. Желі қолданушылары оның қазақша сөздерді сенімді әрі анық айтқанын атап өтті.
“Қазақшасы өте жақсы екен. Бұл – елге және ұлтқа деген құрмет”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір қолданушы әншінің бірнеше тілді меңгергенін айтып, оның тіл үйренуге бейімі жоғары екенін жазған. Көпшілік INNA-ның қазақ тілінде сөйлеуін Қазақстанға және жергілікті тыңдарманға көрсетілген құрмет деп бағалады.
Дегенмен бұл жайтқа салқын қарағандар да болды. Кейбір желі қолданушылары әншінің небәрі бірнеше сөз айтқанын алға тартып, жұрттың шамадан тыс таңғалғанын жазды.
Пікірлер арасында концерт ұйымдастырушыларына қатысты сын да айтылды. Қолданушылар бұған дейін Алматыда өнер көрсеткен шетелдік әншілерге де кем дегенде “Сәлем” және “Рақмет” деген сөздерді үйретуге болатынын жеткізді.
Ал бір желі қолданушысы әзілдеп:
“Тіпті INNA қазақша сөйлеп кетті, ал сен әлі бастаған жоқсың”, – деп жазған.
Жалпы, пікірлердің басым бөлігі оң болды. Қазақстандықтар әншіге мемлекеттік тілге құрмет білдіргені үшін алғыс айтып, мұндай қадамды елге деген ықыластың белгісі деп бағалады.
Оқыңыз