Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Бишімбаевтың қандай жағдайда түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босайтынын айтты

Прокурор Айжан Аймағанова көпшіліктің “Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін бе?” деген сұрағына жауап берді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

прокурор Бишимбаев сотФото: Жоғарғы сот

Прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевтың жәбірленуші тараптың рұқсатынсыз шартты түрде босап шықпайтынын айтты.

“Салтанаттың туыстарының келісімінсіз Бишімбаев шартты түрде босап шықпайды. Мейлі, тіпті ол жазасының қажет 2/3 бөлігін өтесе де”, – деді прокурор.

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты прокурорлардың сотталушыға қандай жаза сұрағаны белгілі болды.

“99-баптың 2-бөлігінің санкциясы бойынша біз ең көбі 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрадық. 110-бап "Азаптау" бойынша 7 жыл сұрадық. Бұл – ең көп мерзім. Сот, естігеніміздей сол жазаны тағайындады. Ішінара қосу арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына қарай, қазірдің өзінде 24 жыл болды. Яғни, дәл біз сұрағанымыздай. Бұл – осы баптың санкциясы бойынша ең қатал жаза”, – деді Айжан Аймағанова.

Бір айға созылған сотта жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокаттардың бірі Жанна Оразбақова марқұм Салтанатты асқан қатігездікпен өлгені жанына бататынын жеткізді.

“Шешілмейтін қиын жұмыс, тапсырмалар болмайды. Эмоциялық тұрғыдан ауыр болды. Біріншіден, бар өмірі алда болған, жас, сұлу келіншекті бақытты өмірінен айырды. Ол жалғыз өлген жоқ, ол адамдардың ортасында өлді және оған ешкім көмектеспеді. Ең сорақысы – осы. Қатігездік, немқұрайлық. Бұны Айтбек айтқанда бәріміз үшін дабыл болды. Өйткені немқұрайлық – қылмысқа қатысу. Менің ойымша, бұл үкім, оның ішінде Байжановқа да, барлығына түсінікті болуы керек”, – дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова.

Сондай-ақ ол сот үкімін әділ деп санайтынын атап өтті.

"Мен басында-ақ айттым: бұл істе ешкім ұтқан да, ұтылған да жоқ, жеңіске жеткен адам да жоқ. Өйткені ешбір үкім Салтанатты бізге қайтармайды. Бұл әділ үкім болды. Аппеляциялық шағым беру – тараптардың өз құқығы", – деп түйіндеді адвокат.

Талқылау