Polpharma тобы Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті кеңейтпек: Шымкенттегі зауытқа кем дегенде 55 млн еуро инвестиция салынады
2 сәуірде KAZAKH INVEST және халықаралық фармацевтикалық Polpharma Тобы Шымкенттегі SANTO зауытында жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды қамтитын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Polpharma Тобының бас директоры Маркус Зигер келісімнің мақсаттары, инвестициялар көлемі, KAZAKH INVEST тарапынан көрсетілетін қолдау және Қазақстан фармацевтикалық өнеркәсібінің даму перспективалары туралы айтты.
– Маркус мырза, алдымен Polpharma Тобы туралы айтып өтсеңіз. Қызметтеріңіздегі бағыттарыңыз қандай?
– Polpharma – Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азияны қамтитын халықаралық фармацевтикалық топ. Біз бұл аймақтардағы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналып отырмыз. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктестеріміздің бірі. Астана, Алматы, Ташкент және Бішкекте коммерциялық кеңселеріміз және Шымкент қаласында зауытымыз бар.
Біз ДДҰ жіктелімі бойынша өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмек өндіреміз. Атап айтқанда, SANTO Member of Polpharma Group зауытында біз 12 фармакотерапевтік топтардағы ауруларды емдеу үшін дәрі-дәрмек өндіреміз және біздің KAZAKH INVEST-пен қол қойылған меморандумымыздың шеңберінде онкология және қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмек өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде бұл екі бағыт әлем бойынша аса өзекті. Аурудың алдын алу, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстану маңызды екенін ескерсек, біз тек науқастарды емдеп қана қоймай, қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруға да атсалысамыз.
– Жақында ғана қол қойылған меморандумның мақсаты қандай? Ол нені көздейді?
– Бұл меморандум Қазақстанда дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға, ішкі нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге және отандық фармацевтикалық өндірісті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Жоба аясында кемінде 55 миллион еуро көлемінде инвестиция тартылып, Шымкенттегі SANTO Member of Polpharma Group зауытында жаңа өндірістік желілер іске қосылады.
Денсаулық сақтау министрлігімен бірге сұранысы жоғары препараттардың тізімі бекітілді. Бұл жоба 10 жылдық ұзақ мерзімді кезеңге жоспарланған. Мұндағы мақсат – бір реттік шешім емес, жүйелі әрі тұрақты даму.
– Жаңа жоба аясында жұмыс орындары ашылатынын айттыңыз. Бұл бағытта нақты қандай жоспар бар?
– Polpharma Тобы Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен, колледждермен және ғылыми орталықтармен тығыз жұмыс істейді. Біз өндіріс саласына қажетті техникалық мамандар мен операторлар пулын жасақтауға ниеттіміз. Осы меморандум аясында Шымкенттегі зауытта шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл тек өндіріс желісіндегі қызметкерлер ғана емес. Ғылыми-зерттеу, сапа бақылау, тәжірибелік-конструкторлық бөлімдерде де жаңа мүмкіндіктер қарастырылады. Яғни біз бір зауытты ғана дамытып қана емес, тұтас фармацевтикалық жүйе қалыптастырғымыз келеді.
– Жоба аясында қандай дәрілік заттар өндіріледі?
– Екi негізгі терапевтік бағыт қамтылады: онкологиялық аурулар және қант диабеті. Бұл аурулар әлемде кең таралған және Қазақстан үшін де өзекті. Өкінішке қарай, соңғы жылдары дұрыс тамақтанбау мен өмір салтының өзгеруіне байланысты қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді. Біздің мақсат – адамдарға салауатты әлемде салауатты өмір сүруге көмектесу.
– Неліктен Қазақстан? Бұл нарықтың сіздер үшін маңызы қандай?
– Қазіргі таңда әлем елдері жергілікті өндірісті күшейтуге ұмтылып жатыр. Қазақстан үкіметі де осы бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Ел халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бұл бастама біздің құндылықтарымызбен үндеседі.
Polpharma Қазақстанға алғаш рет 14 жыл бұрын инвестиция салды. Содан бері біз бұл елмен тығыз әрі сенімді әріптестік орнатып келеміз. Тек соңғы екі жылдың өзінде сапаны бақылау, микробиологиялық зертханалар және ғылыми-зерттеу сынақ орталығын қамтитын SANTO инновациялар және сапа орталығына 20 миллион еуро инвестиция салынды. Енді біз Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алуды күтудеміз және өнімді халықаралық нарықтарға шығаруға дайынбыз.
– GMP сертификаты өндіріс пен экспорт үшін қандай маңызға ие?
– GMP – бұл Еуропалық Одақтың дәрі-дәрмек сапасына қойылатын ең жоғары стандарты. Бұл сертификат біздің өніміміздің халықаралық талаптарға толықтай сай екенін дәлелдейді.
Бүгінде SANTO компаниясы 6 GMP сертификатына ие. Қазір біз GMP EU сертификатын алуымызды күтудеміз, себебі инспекция жақында ғана– наурыз айының ортасында өтті және мен алға қойылған міндетті сәтті орындаған SANTO командасын мақтан тұтамын. Бұл құжат SANTO-ны Орталық Азияда осындай дәрежеге ие болған алғашқы фармацевтикалық зауыт етеді.
Сапа – біздің басты басымдығымыз. Біз үшін 99% жеткіліксіз – тек 100% болу керек. Өйткені бұл салада қателіктің құны адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан жоғары стандартқа жету үшін жылдар бойы инвестиция саламыз, зерттейміз, сынаймыз.
– Бүгінде өндірілген өнімнің қаншасы экспортталады? Болашақта бұл үлес арта ма?
– Қазір экспорт үлесі 10 пайыздан төмен. Біз көбіне ішкі нарыққа бағытталғанбыз. Қазірдің өзінде біз дәрі-дәрмектерімізді Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты елдерге сатамыз. Бірақ GMP сертификаты алынған соң, бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыруға толық негіз бар. Бүгінде Вьетнам мен Еуропа елдеріне өнімімізді сату рұқсаттары бар. Алдағы уақытта экспорт географиясын кеңейтіп, ТМД, ЕО елдеріне шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл – Қазақстан үшін де үлкен мүмкіндік.
– Қазіргі жаһандық фармацевтикалық трендтер қандай? Қазақстан бұл үдерістерден қалыс қалып жатқан жоқ па?
– Соңғы жылдары денсаулыққа деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Әсіресе, COVID-19 пандемиясынан кейін адамдар өз денсаулығына көбірек көңіл бөле бастады. Қазір дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден арылу кеңінен насихатталып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде темекі мен алкоголь тұтынатындар саны азайған.
Қазақстан бұл үдеріске белсенді түрде қосылып жатыр. Адамдар сапалы медициналық қызметке, қолжетімді дәрі-дәрмекке зәру екенін түсініп келеді. Біз сол қажеттілікті өтеп, халықтың денсаулығына үлес қосуға тырысамыз.
– SANTO компаниясының Қазақстан нарығындағы үлесі қандай?
– Қазіргі таңда еліміздегі әрбір бесінші дәрі-дәрмек қаптамасын SANTO өндіреді. Жалпы, нарықтың шамамен 12 пайызы бізге тиесілі. Сонымен қатар, біз шығаратын дженерик дәрілер бастапқы бағадан арзан. Бұл сапаны сақтай отырып, емделушілердің басым бөлігіне қолжетімді ем ұсынуға мүмкіндік береді. Осы арқылы мемлекет пен халықтың шығынын азайтып, көп адамға көмектесуге жол ашылады.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
–Соңғы жылдары біз цифрландыруға айрықша көңіл бөлдік. Шымкенттегі Инновациялар және сапа орталығымызда жасанды интеллект негізінде жаңа шешімдер әзірленіп жатыр. Дегенмен біз қызметкерлерге AI – мамандарды алмастыратын құрал емес, керісінше, олардың көмекшісі екенін үнемі айтып отырамыз.
Біздің алдағы мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азиядағы фармацевтикалық хабқа айналдыру. Бұл бағытта жұмысымыз жүйелі жалғасады. Біз тек өндіріс орнатумен шектелмейміз, кадр даярлау, ғылыми зерттеу, цифрландыру және экспортты дамыту – бәрі біртұтас жоспарымыздың бөлігі.
Қазақстанмен әріптестікте жеткен жетістіктеріміз үшін қуаныштымын. Бұл – 14 жыл бұрын басталған сенімге негізделген серіктестік. Осы жолда еңбек етіп келе жатқан барлық мамандарға, әсіресе, SANTO компаниясында жұмыс істейтін кәсіби командаға алғыс айтқым келеді. Болашақта да бірге биіктерді бағындырамыз деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!