Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей аумағынан келген: Петропавлдықтар азық іздеген жабайы еліктердің ауылдағы жем-шөпке қырғидай тиіп жатқанына шағымданды

Петропавлда көрші Ресейден келетін сібір еліктерінің саны күрт көбейген. Азық іздеген жабайы жануарлар ауылдағы жем-шөпке қырғидай тиіп жатыр дейді тұрғындар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

еликтер скрин

Видеодан жасалған скрин

Ен далада жүретін еліктердің қаптап кетуінен жол апаты жиілегенін полиция да жасырмайды. Мамандар кейінгі жылда сібір еліктерінің саны бес мың басқа көбейіп кеткенін айтады. Оларды айдап, басқа жаққа көшіру оңай емес екен.

Азық іздеп, егістік алқаптарында топ-тобымен жүрген жабайы жануарлар елдімекендерге кіріп, тұрғындардың қысқа дайындаған жем-шөбін жеп жатқан көрінеді. Ал шаруалар кейінгі жылдары қатты көбейген еліктердің санын реттемесе қиын болады. Себебі жаз айында егінді таптап, өнімнің жартысын жоқ қылады, деп алаңдайды. 

“Ауылдың маңында да еліктер көп. Малға дайындалған жем-шөп үйдің маңында жатқандықтан келеді. Жеп жатыр. Енді оларды қайтеміз, білмеймін”, – дейді Сәбит ауылының тұрғыны Асар Орал.

Еліктер ен далада ғана емес, қалада да көбейген. Көшенің ортасында бірең-сараңы кездессе, Петропавлдың өндіріс кәсіпорындары орналасқан аймақта шұбырып жүр. Ал полиция еліктердің кесірінен жол апаты жиілегенін жасырмайды. Жолға шығып кететін жануарлар көлік дөңгелегінің астына түсіп, адам өміріне қауіп төндіріп жатыр екен. 



“Мен өзім тұратын районда еліктерді жиі көремін. Емін-еркін жүреді. Олар жолдағы көліктерге қолайсыздық келтіріп жатыр. Абайламаса, көліктің алдынан жүгіріп шығады”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Саят Ноянов.

Ал орман шаруашылығы мамандары аймаққа Ресейден келетін сібір еліктерінің саны жиырма мыңнан асқанын айтады. Яғни, кейінгі бір жылдың ішінде жабайы жануарлар бес мың басқа көбейген. Тек күн жылығанда көрші елге қайта оралуын күтпесек, оларды басқа жаққа көшіру қиын дейді.

“Былтыр Ресейдің Түмен облысынан көшіп келсе, биыл Омбы облысынан келіп жайылып жатыр. Тіпті біздің өңір арқылы Ақмола облысына да кетіп жатыр. Өйткені Ресейде орман өртінен кейін азық табу қиын. Сөйтіп жүдеп кеткен жануарлар жан-жаққа кетуге мәжбүр”, – деп  түсіндіреді СҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.

Айта кетейік, Қазақстанда сібір елігінің саны 100 мыңға жетеді. Олардың тең жартысы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қоныстанған. 

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар көмір бағасының шарықтап кеткенін айтып шағымданған. 

Талқылау