Павлодарда кішкентай қызды зорлаған жігіт 20 жылға сотталды
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында педофил сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Павлодар тұрғыны кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталды. Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және сотта зерттелген басқа да фактілермен дәлелденді. Алайда павлодарлық жігіт өзі кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.
"Қылмыс ерекше ауыр қылмыстар санатына жатады және жазаны жеңілдететін мән-жайлар соттылығының болмауы, жасы ескеріліп, М есімді азамат 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды", – деп түсіндірді Павлодар облыстық соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, прокурор мен жәбірленуші тарап бірдей мерзімді талап еткен. Сондай-ақ сот кәмелетке толмағанның заңды өкілінің талап арызын ішінара қанағаттандырып, сотталушыны жәбірленушіге моральдық зиян үшін бес миллион теңгенің орнына үш миллион теңге төлеуге міндеттеді.