Павлодарда хоккей жаттықтырушысы жеңіліп қалғандары үшін балаларды ұрған
Павлодар тұрғыны Гүлмира Аяпберген Ertis хоккей клубының жаттықтырушысы 11 жастағы ұлын ұрып тастағанын мәлімдеді. Сөзінше, балалар Ақтөбеде өткен матчта жеңіліп қалған. Әйел полицияға арыз жазған. Енді жаттықтырушыға айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Алматылық командамен ойыннан кейін жаттықтырушы жеңіліс үшін киім ауыстыратын бөлмеде алғашқы бес ойыншыны ұрған. Арасында менің ұлым бар. Жаттықтырушы жұдырықпен ішінен ұрып, бірнеше рет бұғана тұсынан тепкен", – деп жазды Гүлмира Аяпбергенова Instagram желісінде.
Әйелдің айтуынша, оқиға команданың көзінше болған.
"Хоккейдің қиын спорт екенін түсінемін, бірақ бұл балаларды ұру құқығын бермейді. Жаттықтырушы Писегов В.И. балаларды үнемі балағаттап, психикаларына зақым келтіреді. Денесіндегі көгерген іздерді көргенге дейін ұлым ұрғаны туралы ештеңе айтқан жоқ. Жаттықтырушыға хабарластым, бірақ ол тыңдағысы да келмеді. Қазір ештеңе болмағандай жұмыс істеп жүр", – дейді зардап шеккен баланың анасы.
Әйелдің жазбасына пікір білдірген өзге балалардың аналары жаттықтырушыға айып тақты деп жазды.
"Менің ұлым өздерін ұрмағанын айтты. Ата-аналар, жаттықтырушы мен балалардың ұжымдық жиналысы өтті. Балалардың ешқайсысы жаттықтырушының біреуді ұрғанын растаған жоқ. Біреу команданы таратқысы келеді", – деп мәлімдеді жас хоккейшілердің бірінің анасы.
Гүлсім Аяпбергеновамен бірге полицияға тағы бір баланың анасы – Тоты Сәрсембаева шағым түсірген.
"Күйеуім мачтқа жанкүйер ретінде барды. Ол Нұралидің жылап жүргенін көрген. Не болғанын сұраған, бірақ ол жауап бермепті. Күйеуім жеңіліс үшін жылап жатыр деп ойлаған. Нұралидің жағдайынан кейін баламыздан не болғанын сұрай бастадық. Осы кезде ғана жаттықтырушы ұрған алғашқы бес баланың қатарында менің де баламның болғанын білдік. Жаттықтырушы иық тұсынан үш рет тепкен. Өзге балалар бұл туралы айтпайды", – дейді Тоты Сәрсембаева.
Жаттықтырушының өзі балаларды ұрмағанын, ал ата-аналардың жала жапқанын айтады.
"Мачтан кейін балалармен киім ауыстыру бөлмесіне кірдік, ойынды, жеңілісті талдадық. Мен балаларға қандай қателіктер кеткенін, қорғанысты қалай құру керегін, қолды сындырып алмас үшін иықты қалай қою керегін түсіндірдім. Бұл – хоккей, жарақат алу қауіпі жоғары. Бірақ мен ешкімді ұрып, тепкен жоқпын. Маған жала жапты. Осы командамен жұмыс істеп келе жатқаныма алты жыл болды. Бүгінге күнге дейін Нұралидің анасы үнемі шағымданатын. Алайда менің балаларға деген шағымым жоқ. Нұрали – команданың көшбасшысы және жақсы нәтиже көрсетеді", – деп түсіндірді Вячеслав Писегов.
Турзим және спортты дамыту басқармасында ата-аналар шағымы бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Ал полицейлер Гүлсім Аяпбергенованың арызынан кейін жаттықтырушыға қатысты әкімшілік іс қозғаған.
"Дерек Павлодар орталық полиция бөлімінде тіркелді. Сот-медициналық сараптамасы бойынша, кәмелеттік жасқа толмаған баладағы жарақаттар жеңіл дәрежеге жатады. Аталған деректен кейін Әкімшілік кодекстің 73-1-бабымен іс қозғалды", – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.