Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда дүлей дауылдан жаңа үйдің шатыры ұшып, көліктер зақымданған

Жаңбыр аралас соққан жел Ақсу қаласындағы судай жаңа бес қабатты үйдің шатырын түгел жұлып әкеткен. Осының кесірінен пәтерлерге су кіріп, жұрттың дүние-мүлкі бүлінді. Қатты желге шыдас бермеген шатыр мұндағы оншақты көлікті де зақымдапты. Қас қарайғанда осындай жағдайда тап болған тұрғындар бұған атқамінерлерді де кінәлады. Өйткені, жаз шыққалы бұл үйдің төбесі осымен екінші рет қирап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

колікті закымдаган

Жаңбыр аралас соққан жел әп-сәтте Ақсу қаласындағы судай жаңа үйдің опан-топанын шығарды. Ұйқыда жатқан тұрғындар төбелерінен су аққан сәтте бір-ақ оянған. Тайлы-таяғы қалмай сыртқа шыққан олар, таңнан бері апат орнына ат ізін салмаған шенеуніктерге өкпелі.

Қатты желге шыдас бермеген шатыр аулада тұрған көліктерді де зақымдап үлгерген. Әйнегі шағылып, төбесі жапырылған машиналардың саны оннан асып жығылады. Түнгі кезекшіліктен оралған тұрғындардың бірі көлігі түгілі өзі тұратын үйді де танымай қалған.

«Машинамды көріп, шошып кеттім. Кім жауап береді? Әкімдік әлде мердігер компания?» – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Бауыржан Тұнғатов.

Шатыры ұшқан бес қабатты үй осыдан үш жыл бұрын «Жас отау» бағдарламасы бойынша салынған. Пәтерге ие болған отбасылар баспаналарының о бастан сапасыз салынғанын айтады. Өйткені, жаз шыққалы бұл үйдің шатыры осымен екінші мәрте қирап отыр.

«Бұрынғы істеген құрылыс фирмасы қалпына келтіреді. Ал енді тұрақта тұрған машиналар, техникалар сот арқылы шешіледі деп ойлаймын», – дейді Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі Төлеухан Мұздыбаев.

Көлігі зақымданған тұрғындар енді сапасыз шатыр орнатқан құрылыс компаниясын сотқа беруден басқа амал жоқ дейді. Ал шенеуніктерден үмітін үзген жұрт әзірге бүлінген дүние-мүлкін өз күштерімен жөндеп жатыр. Бірақ, бұлай жалғаса берсе, пәтер ақысын төлеуден бас тартуға бекінген.

Талқылау