Павлодар облысында белгісіз ішімдіктен уланғандардың жетіншісі көз жұмды
Марқұм кеше, 28 мамырда Ертіс аудандық ауруханасынан облыс орталығына жеткізілген еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews ресурсына сілтеме жасап.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 48 жастағы тұрғын Павлодар қаласының №3 ауруханасының реанимациясына жатқызылған.
Науқас 1974 жылы туған деп нақтылады ведомство.
“Жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Өкінішке қарай, пациентті құтқару мүмкін болмады. Осылайша, белгісіз сұйықтықтан уланған жеті адам қайтыс болды”, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 27 мамыр күні сағат 22.17-де Ертіс ауылында үй иесі – 1955 жылғы ер адам мен 1990 жылы туған ұлының денелері табылды. Сондай-ақ 28 мамыр күні сағат 07.15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы және сағат 18.00 шамасында 1969 жылғы ауыл тұрғындарының денелері анықталды. Сағат 07.24-те үйден 1957 жылғы зейнеткердің денесі табылды. Бұдан кейін тағы біреуі ауруханада көз жұмды.
Айта кетейік, полиция бүкіл көз жұмғандардың Ертіс ауданы тұрғынының үйінде бір ыдыста сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты ішкенін анықтады. Ыдыс алынып, сұйықтықтың қалдығына сараптама жасалатын болды. Зерттеу нәтижесі бойынша өлімнің себебі анықталады.