"Патриот болмасам, депутаттыққа келмес едім": Жаңадан сайланған сенаторлар елін не үшін жақсы көретінін айтты
Биыл сайланған сенат депутаттары әділетті жаңа Қазақстанның құрылуы үшін тынбай еңбек етеміз дейді. Саяси реформалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы өзекті мәселенің түйінін тарқатуға уәде беріп отыр. Осы ретте Stan.kz тілшісі сенаторлар арасында патриоттықты қалай түсінетіні жайлы сауалнама жүргізіп, ойын білді. Қазақстанның патриоты қандай болуы керек? Жаңадан сайланған депутаттар соңғы жылдары елде болған өзгерістер жайлы ой бөлісті.

ҚР Парламенті сенатының депутаттары
Сенат депутаты Руслан Рүстемов әр азаматтың бойындағы патриоттық сезімі отбасынан басталуы тиіс дейді. Себебі Қазақстанның болашағы – жастардың қолында.
“Қазақта “Отан отбасынан басталады” деп бекер айтылмаған. Демек, мен үшін қазақ елі - туып-өскен отбасым, қасиетті мекенім. Туған жерін сүйетін және амандығын тілейтін жанның бірімін. Елді құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың борышы. Конституциямызда "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық” деп жазылған. Сол себепті еліміз әлеуметтік бағдарлы қоғам құру ұстанымын дамытып келе жатыр. Яғни өркениет өрісінде өз орнымызды табу үшін халқымыз елінің болашағына сенуі керек. Адамның сенімін қалыптастыруда әділдік қағидасына арқа сүйейміз. Бүгінгі Қазақстанның ерекшелігі жаңа кезеңге бағыт алып, президенттің бастамасымен кейбір конституциялық заңнамаларды заман талабына сай жаңарып, жүйелі саяси реформалар іске асырыла бастады”, - деді Руслан Рүстемов.

ҚР Парламенті сенатының депутаты Руслан Рүстемов
Сенатордың сөзінше, өткен жыл ел үшін елеулі оқиғаларға толы болды және бұл демократияға бағытталған ірі қадам.
“Қаңтардағы қайғылы жағдаймен басталған жыл саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен толықты. Бүкіл халықтық референдум, президент сайлауы өтті. Мұның бәрі саяси таңдау еркіндігі, елді демократияландырудағы үлкен қадам деп санаймын. Елімізде сайлауда дауыс беру жүйесі жылдан жылға дамып, оның ашық әрі әділ өтуіне халық сенімі артып жатыр. Бұған дәлел ретінде соңғы кездері жүзеге асырылған реформаларды айтар едім. Президент, парламент және жергілікті мәслихаттардың сайлауы өтіп, тұрғындардың дауыс беру құқығы қамтамасыз етілді. Бұл халқымыздың тұрақтылыққа, татулыққа, кешенді дамуға өз үлесін қосу мүмкіндігін арттырды”, - деді Руслан Рүстемов.
Ал сенатор Жанна Асанова патриот болмасам, депутаттыққа келмес едім дейді. Сол себепті елдің дамуына үлес қосу - басты мақсаты.
“Патриотизм - туған жерге деген сүйіспеншілік. Қоршаған ортаның дамуына назар аударып, өмірде өз орныңды табу. Сонымен қатар үлкенді құрметтеу, дәстүрді сақтау дегенді білдіреді. Менің ойымша, патриотизмді ұран ретінде қарастырмай, тәжірибелік негіздегі нақты қадам десек болады. Мәселен, пандемия кезінде адамдар бір-біріне көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Мен де бұған белсенді араластым. Мұқтаж жандарға көмек көрсеттік, дәрі-дәрмек іздеп, ауруханалардан орын іздедік, үйлеріне азық-түлігін жеткіздік. Бұл біздің ауызбіршілігіміз. Сондықтан әр азаматты патриот деп айта аламын”, - деді Жанна Асанова.

ҚР Парламенті сенатының депутаты Жанна Асанова
Сенатор Қазақстанды туған жері үшін, отандастары үшін жақсы көретінін айтты. Бір шаңырақ астында үлкен отбасы болып тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бар. Депутат мұндай татулық тек қазақ халқының қолынан келетін күш деп санайды.
“Мен қазақ халқын даналығы мен терең философиясы үшін, ата-бабаларымыз осындай үлкен жерді қорғауға мүмкіндік берген күші мен рухы үшін ардақтаймын, мақтан тұтамын. Біздің Қазақстан әлемдегі ең әдемі әрі бірегей ел. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қызықты идеяларға да ашықпыз. Даму жолында керемет жетістіктерімізбен әлем алдында мақтана аламыз. Мәселен Димаш, Геннадий Головкин, Иманбек сынды дарынды азаматтар көп. Олардың жетістігі - біздің мінезімізге тән қасиеттердің арқасы деп санаймын”, - дейді депутат.
Сонымен қатар ол өткен жылы Қазақстандағы саяси жүйе жаңартылғанын атап өтті.
“Еліміздің дамуына мүмкіндік беретін, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін жаңа құралдар пайда болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік емес ұйымдардың қолдауы күшейе түскен. Олардың күші, ықпалы да өсіп жатыр. Себебі мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен түрлі жобалар іске асып, оң процесстерді көріп жатырмыз”, - деді Жанна Асанова.
Ал сенат депутаты Ернұр Әйткенов еліміз тәуелсіздігін алғалы еркіндік пен бақыт ордасында өмір сүріп жатырмыз дейді.
“Қазақта "құс ұясыз болмайды, адам отансыз болмайды" деген жақсы сөз бар. Біздің кіндік қанымыз тамған жер –Қазақстан. Мен Отанымды сүйемін. Осы елде дүниеге келіп, білім алып, еңбек етіп келеміз. Сондықтан қазақ тілінде сөйлеу, халқымыздың салт-дәстүрін білу басты міндетіміз деп санаймын. Бүгінгі күні Қазақстан бақыт ордасына айналып отыр. Әркім қалаған ісімен айналысуға мүмкіндігі бар”, - деді Ернұр Әйткенов.

ҚР Парламенті сенатының депутаты Ернұр Әйткенов
Сенатор 2022 жыл еліміз үшін қиындығы мен қызығы қатар келген жыл болғанын айтты. Қазақстандағы жалпыхалықтық референдумның өтуі, елордаға Астана атауының қайтарылуы үлкен өзгеріс болды.
“Қыркүйек айының соңында президент Республика күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша 25 қазан мереке әрі демалыс күніне айналды. 4 мамырда елдің жаңа өңірлерін құру туралы жарлыққа сәйкес ресми түрде Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары құрылды. Сонымен қатар, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Оның ерекшелігі жаңадан сайланған президент тек бір мерзімге ғана сайланды. Ал президенттік мерзім 5 жылдан 7 жылға дейін созылды. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап президенттің өкілеттік мерзімі шектеліп, саяси партияға мүше болуы тоқтатылды. Сондай-ақ, жақын туыстарының саясатта және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметтер атқаруына тыйым салынды”, - деді депутат.
Депутат қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы екенін айтты. Қазақ халқының өмір сүру мәдениетіне, бүгіні мен болашағына тоқталды.
“Қазақстан географиялық жағынан түркі әлемінің қақ ортасында орналасқан мемлекет. Қазақ елінің кең-байтақ даласы – көшпенді өмір салты негізінде қалыптасқан түркі өркениетінің төл бесігі. Табиғаты әр алуан жан-жануарға толы, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңізі бар, әсем қалалары бар, достығы жарасқан көпұлтты халқымен ерекше. Еліміз ғасырлар бойы көшпенді ғұмыр кешкендіктен оның ұлттық психологиясы мен мінезі өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына сәйкес өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің өзіндік психологиялық талап тілектерін қалыптастырады. Ұлтымыздың болашақ жас ұрпағына қойылатын ең басты міндет – жан-жақты дамыған, өз елін сыртқы жаулардан қорғай білетін ержүрек жауынгер, еңбексүйгіш, ата-тегін, салт-дәстүрін қастерлейтін "сегіз қырлы, бір сырлы азамат" болу керек деп санаймын”, - деді Ернұр Әйткенов.
Сенат депутат Жанболат Жөргенбаев патриоттық әр қазақтың қанында бар дейді. Айтуынша, туған жерді аманат етіп қалдырған ата-бабамыздың мұрасын мәңгі сақтау – әр азаматтың борышы.

ҚР Парламенті сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев
“Туған жерімізді батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, аттың тұяғымен қорғап, қазақ халқына мұра етіп қалдырды. Сонымен қатар ақиық ақындар мен қаламы қарымды жазушылар кіндік қанымыз тамған жерді өлеңдеріне қосып, патриоттық тақырыпта жыр арнады. Біз сол өлеңмен сусындап өскен, намысшыл, текті ұрпақпыз. Сол үшін де туған жерімізді сүйеміз. Әрбір Қазақстан азаматы – еліміздің патриоты деп есептеймін. "Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді" деген халқымызда тамаша тәмсіл бар. Біз ел қадірін түсінетін тектілердің ұрпағымыз. Бүгінгі таңда қазақ елі егемендігін алып, қарқынды дамып келеді. Еліміздің болашағынан зор үміт күтеміз”, - деді сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев.
Депутаттың сөзінше, қазақ халқының ерекшелігі – тектілігінде.
“Қазақ халқы жеті атаға дейін жақындарынан қыз алысып, отау құрмаған халық. Осылайша, қанының тазалығын сақтаған. Бұл ата-бабаларымыздан мирас болып қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрі. Екінші ретте еліміздің қонақжай, жомарт екенін күллі әлем біледі. Өскелең ұрпаққа экономикасы дамыған, әділетті қоғам қалдырамыз десек, әр азамат аянбай еңбек етуі қажет. Біздің қанымызда тектілік, адалдық, еңбекқорлық қасиет бар. Осы қалпымызды жоғалтпауымыз керек”, - деді Жанболат Жөргенбаев.
Сенатор соңғы уақытта елімізде оң өзгерістер орын алды деп санайды. Мәселен, президент демократиялық қағидаттарға негізделген әділетті Қазақстан құру міндетін жариялап, саяси, экономикалық реформалар үдерісін іске қосқаны маңызды шешім болғанын тілге тиек етті.