Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтерақысын төлей алмай жүретін": Депутат Дәулет Мұқаев айтыскер Айшолпан Тілеутайға пәтер сыйлады

Қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдызы, ақын Айшолпан Тілеутай баспаналы болды. Сүйінші жаңалықты бірінші болып Мәжіліс депутаты, блогер Дәулет Мұқаев жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл жағдай айтыскер ақынға тосынсый болған.   

“Бүгін түскі уақытта Матулла мырза маған хабарласып, қал-жағдай біліскен соң “Бүгін бізде корпоратив еді, ақын қыз бар еді ғой, соны шақырып бере аласың ба?” деді. Мен болсам: “Жарайды, бірақ мен ше?” дедім. “Сізді депутат деп шақыруға ыңғайсыздандық” деді. “Бар жазығым депутат болғаным ба? (Әзілмен күлдім) “Білмеймін, сізге зияны тимесе деген ой ғой…” “Демалыс қой, мен барамын. Құттықтап сөз сөйлеймін, билеуге де тыйым жоқ” дедім. Себебі бұл құрылыс компаниясының барлық қызметкерін жақсы танимын десем де болады. Депутат болмай тұрып, мені бренд амбассадор еткен еді. Қазір ол міндетті Бекарыс атқарып жатыр”, – деп әңгімесін әзілмен бастады депутат. 

Айтуынша, Айшолпан қарсы болмастан, бірден кешке баруға келісімін берген. 
“Айшолпанға “осындай да осындай” деп хабарласып едім. “Ой, Дәулет аға, сіздің бірауыз сөзіңіз” деді. Артық бір сөз айтпады. Қысқасы, корпоративке Бекарысты ерте бардым. Сәлден соң Айшолпан келіп, құрылысшыларға арнауын арнап, көп қазақтың баспанасыз жүргенін, жер алам деп, жер жастанып кеткен жандар жайлы айтып, арнауын менің, яғни әр қазақтың өз баспанасы болсын деген сөзіммен аяқтады. Сол сәтте құрылыс компаниясының басшысы дастархан басында Матулла: Дәке, Айшолпанға “Дәулетті қалашықтан” бір бөлмелі пәтер сыйлауды жөн көрдім, бәлкім, Алла сізді себепші қылып тұрған шығар деді….”, – деп қуанышын жасырмады Дәулет. 

Сол сәтте кәсіпкер Айшолпанға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Мұндай сыйлық күтпеген ақын абдырап қалды. Мәжіліс депутаты қарындасын жұбатып, қиын күндерін еске алды. 

“Айшолпанның Астанаға келген кезде пәтердің ақысын төлей алмай, одан кейін қонақүйге барып, оның ақшасын төлей алмаған сәттері болған. Сол жаманшылықтың, қиыншылықтың барлығы, қарындасым Айшолпан, артта қалсын енді. Бір қазақ баспаналы болса, біз қуанайық. Бір қазақ байып жатса, біз қуанайық, байыса қазақ байысын”, – деп сөзін аяқтады. 

Айтыскер ақынның алғысын жыр жолдарымен жеткізді: 

Басымды иіп сыйлап өтем, ел сені,
Сендерсіңдер ар мен намыс өлшемі.
Қара жерге кіргенімше, қазағым,
Жалғызымдай қадірлеймін мен сені!  

 

Талқылау