Париж-2024: Дзюдошы Нұрлыхан мен садақшы Дәулеткелді олимпиадада жүлдесіз қалды
Париж олимпиадасында сынға түсіп жатқан дзюдошы Нұрлыхан Шархан мен садақшы Дәулеткелді Жаңбырбай сәтсіз өнер көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰОК
100 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрлыхан алғашқы айналымнан сәтті өткенімен, екінші белдесуінде өзбекстандық әлем чемпионы Мұзафарбек Тұробаевқа қарсы күресті. Кездесу 1:1 есебімен өрбіген, алайда, белдесу соңына қарай Шархан қарсыластан таза ұтылды. Осылайша, қазақстандық дзюдошылар жекелей сында Париж олимпиадасын аяқтады. Енді олар аралас командалық сында жарыс жолына шығады.
Садақ атудан Дәулеткелді Жаңбырбай Париж олимпиадасында жекелей сынға қатысып, алғашқы кезеңнен аса алмады. Ол колумбиялық Хорхе Энрикемен кездесіп, 3:7 есебімен қарсыласына есе жіберді. Дәулеткелді Жаңбырбай бұған дейін Қазақстан сапында командалық жарысқа қатысып, Италиядан 4:5 есебімен ұтылған еді.
Айта кетейік, әзірше Қазақстан құрамасында бір алтын, екі қола медаль бар. Нысана көздеуден Александра Ле аралас жұптық сайыста Ислам Сатпаевпен бірге Париж олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алса, дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа тағып, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанған еді.