Пара алғаны үшін ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары қаладан кетпек болған
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров ұсталды. Олар ірі көлемде пара алды деп күдікке ілінді. Бірақ бұл жаңалықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ресми қызметкерлер әлі растамады, жоққа да шығарған жоқ. Бұл оқиғаға тек жоғары лауазымды шенеуніктің адвокаты ғана түсініктеме берді. Таубаев шынымен де ұсталды. Алайда, қоғаушы оны не үшін айыптап отырғанын білмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін БАҚ шенеуніктерді 182 млн теңге пара алғаны үшін ұстағанын хабарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері әзірге үнсіз отыр. Жаңалықты растамады да, теріске де шығармады.
Ал облыс әкімдігінде Нұрлан Таубаев кеше жұмыста болғанын айтты.
"Біз бұған түсінік бере алмаймыз. Кеше Таубаев түске дейін жұмыста болды. Күндіз Түркістанға кету керек еді", - деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Төлек.
Жағдайды тек облыс әкімі орынбасарының адвокаты ғана түсіндірді. Игорь Ванчевтің айтуынша, Таубаев Түркістанға барған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері шенеунікті үйінен кеңсеге жеткізген. Сол жерде олар әкім орынбасарының пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Бірақ сома туралы да, істің егжей-тегжейі де қорғаушыға хабарланбаған.
"Оны ұстау туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Біз бұл соманы танысу үшін бізге берілген іс жүргізу құжатында көрмедік. Әңгіме пара туралы, бірақ кімге және кімнен белгісіз. Екінші ұсталған адам туралы ештеңе білмеймін. Таубаев туралы айтар болсақ, ол қылмыс кезінде ұсталған жоқ. Нақты қандай күдік туралы біздің сұрағымызға тергеушілердің ешқайсысы жауап берген жоқ", - деді адвокат Игорь Вранчев.
44 жастағы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің бірінші орынбасары болып осы жылдың мамыр айында тағайындалды. Екінші күдікті, 41 жастағы Тимур Басаров облыстық құрылыс басқармасын басқарғанына үш айдан аз уақыт болды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе,15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Атыраудағы жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты қылмыстық қудалаудың жалғыз жағдайы емес. 2014 жылы облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің екі орынбасары сотталды. Ал осы жылдың наурыз айында облыс әкімінің экс-орынбасары Нұрсәуле Сайлауова жауапкершілікке тартылды.