Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзімді кешіре алмаймын, ең үлкен қателік болды": Асылхан Төлепов "Гарант 24" жарнамасына қатысты

Асылхан Төлепов осыдан 1,5 жыл бұрын "Гарант 24" ломбардына жарнама жасағанына өкінеді. Актер сол үшін әлі күнге дейін өзін кешіре алмай жүргенін жеткізді. Халықтың алдында абыройына нұқсан келгеніне күйінген актер оқиғаның мән-жайын баяндады. Бұл туралы Stan.kz Тимур Балымбетовтың Er-Batyr жобасына сілтеме жасап хабарлайды. 


"Үлкен қателік болды", – деп бастады сөзін Асылхан.

Батырдың бейнесімен танылып, тура жолдан айнымай келе жатқан Төлепов бұл жарнаманың арбауына қалай түсіп қалғанын түсіндірді.

"Ондай нәрселерге мүлде жақын емес едім. Ондай жарнамалардан қашатынмын. Ойланбай, кері жауап қайтарып жүрдім. Бірақ мына мәселеге келгенде бардым. Ағам, тағы бірнеше жігіт бар, көрдік. 
Көбімізді бір азамат шақырды. Намазхан жігіттер, жайнамаздары бар, бет-әлпеттері келіскен, білімді жігіттер. Халықты тарту үшін сондай білімді, жақсы азаматтарды жинаған шығар?! Кабинетіне кіргенде тақтаға жазып, түсіндіріп берді", – дейді Төлепов.

Оқиға 2020 жылдың қаңтар айында болған. Асылхан "Гарант 24" ломбардының бар екенін алғаш естіген. Оған дейін екі жыл жұмыс істегенін білмедім дейді. 

"Қасымда Бағлан Әбдірайымов "біз түсінбей отырмыз, түсіндіріңдерші" дегенде айтты. Біз қызығып қалдық. Мәссаған, мынау жақсы ғой. 
Ақша саласың, үстінен 15-20 пайыз көресің. Немесе нарықтағы бағадан көлікті арзан аласың, ал сенен нарықтағы бағадан қымбатырақ сатып алады. Неге көрмеске? Көлікті сатайық... Көп қиналып жүрген адамдарға пайдасы болып кете ме деген ой болды. Өйткені үш айда осындай ақша шығарасыңдар деді. Өзіміз де салдық.

14-16 филиалымыз бар деп қағаздарын көрсетті. Бәрін нақты көрсетіп, қойған сұрақтарымызға жауап беріп отырды. Біз қанағаттандық. Үйге барып ақылдастық. 30-қаңтар күні жарнаманы жасадым. 19-ақпан күні ұйқыдан тұрған бойда, маған қаншама адам хабарласқан.

Түсінбеймін. Жаңалықтарға кіріп, қарадым. 15 минутта өзімді жинай алмай отырдым. Не болды, қалай деп... Төбемде Құдай тұр, өзіміздің салған ақшамыз үшін емес, жарнамалап қойғаным үшін күйіндім.
Жарнаманы бірден алуға асыққан жоқпын. Қашқандай болмайын дедім", – деп түсіндірді актер.

Шындық әшкереленгеннен кейін, Асылхан мен Артурға неше түрлі адамдар хабарласып, балағат сөздерін жаудырған. Тіпті қоққан-лоққы көрсетіп, қорқытқандар да табылыпты. 

"Ата-анамыздың сол кездегі жүзін көрсеңіздер ғой. 3-4 күн өзіме келе алмадым. Қой өзімді жинайын деп тренировкаға барып, қайтарда таксиге отырсам: "Е, сен анаусың ба?" дейді маған. 

Үлкен апталдай азамат. Мынау мені ұрса, точно ұйықтаймын деп ойладым. - Иә. Боқауыз сөзін айтып барып, "Біз сендер үшін ақша салып едік" деді. 800 мыңдай салыпты. – Аға, кешірім сұраймын, біз де салдық, – дедім. "Сендерге бола салдық қой" дейді.



Көбісі бізге жала жапты. Бірақ бұл жарнаманы өте көп өнер адамдары салды. Оның ішінде Мейіржан, Бағлан, Айқын, Артур бесеуміз кешірім сұрап видео түсірдік. Соны көбісі бізге қарсы қолданды. Кешірім сұрамағандар бар шығар, ешкімге ештеңе дей алмаймын.

Әлі күнге дейін өз-өзімді кешіре алмаймын. Ломбард деген жазуды көрген сайын біртүрлі боласың. Баяғыда батырдың бейнесімен шықтық, халық жақсы қабылдады. Біз қазір не істедік? Ойыннан келесің, ұйқы жоқ, тамақ батпайды", – деп жан сырын ақтарды Төлепов. 

Талқылау