Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз нәжісімізге батып кетеміз": Атырауда кәріз суы көшелерге ағып кеткен

Атырауда кезекті коммуналдық апат орын алды. Нұрсая шағын ауданының тұрғындары кәріз суының астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AtyrauPress сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Атыраулық тұрғындар кәріз суы бұған дейін де ағып кеткенін айтты. Олардың сөзінше, ведомстволар үйдің инфрақұрылымын жөндеумен айналыспайды.

"Балалар қазір демалыста. Көбісі үйден шықпайды. Олардың ойнайтын жері жоқ, ойын алаңдары кір суға толы. Иіске шыдау мүмкін емес. Апат кезінде жылу, ыстық және суық су өшірілді. ПИК жұмыс істемейді. Олар ақша жинау керек болғанда пайда болады", – деді Күншуақ тұрғындары.

Күншуақ өткеліндегі үйлер бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда тұрғындар кәріз құбыры ай сайын бұзылатынын жеткізді.

"Мұндай масқара жыл сайын болады. Әр жолы жауапты адамдар әртүрлі себептерді атайды. Біз кәріз құбыры бұзылған кезде күні бойы сусыз отырдық. Бұл жағдай ай сайын қайталанады. Әр төтенше жағдай сайын олар бізге сорғыны өзгертетінін айтады, бірақ іс жүзінде ескісін ауыстырмайды. Сонымен қатар тұрғындардың өздерін кінәлайды, жаңа сорғы алсын дейді. Әйтпесе өз нәжісімізге батып кетеміз", – деді атыраулық Тұрсынай Бекайдар.

Қала әкімдігі Нұрсая шағын ауданында кәріз жүйесі істен шығып, апатты жағдай туындағанын хабарлады.

"Кәріз ұңғымасы толып, бәрі ағып кетті. Сорғы істен шықты және су орталық кәріз жүйесіне жете алмады. Осы үйлерге қызмет көрсететін "Сапа" ПИК апаттан кейінгі жұмыстарды жүргізді. Аққан су вакууммен сорылды. Сондай-ақ "Спецавтобаза" ЖШС қосымша техникасы бөлінді”, – деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.                

Талқылау