Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ой, Мұқағали алқаш қой...": Мақатаевтың інісі ақиық ақынның қандай адам болғанын айтты

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қаламгердің көзі тірі болғанда ол 93 жасқа толар еді. Ақиық ақынның төл мерекесі қарсаңында оның інісі бұрын-соңды ел естімеген тың деректерді бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дәрубай Әбдисаев есімді 72 жастағы ер адам өзін Мұқағалидың інісімін деп айтады. Ақиық ақынның жарқын бейнесі оның әлі күнге дейін есінде. Ол бұл сұхбатында Мақатаевпен туыстық қарым-қатынасы туралы баяндап берді.  

"Жалпы, тоқетерін айтқанда, Мұқағали екеуміз ағайынды кісілердің балаларымыз ғой. Қазақтың ішінен шыққан, аты аңызға айналған Хангелді батырдың ұрпағымыз. Хангелді батырдан Қойбас, Түке деген ұлдар туады. Қойбастан Мұқағали тарайды, ал енді Түкеден Райымбек, Райымбектің бір баласынан мен тараймын. Білетін адам біледі, ұғатын адам ұғады, мені "Мұқағалидың інісі" деп ел айтсын. Ата жолын қуғанда інісімін. Мұқағалиды кішкентай кезден көріп өстім. Қасиетті Қарасаз ауылында Мұқағали ағамыз бен әкем-шешем көп жыл көрші тұрды. Ертелі-кеш кездесіп қалған кезде амандасып, туысқандық міндетімізді атқарып жүрдік. Мұқағалидың үлкен ұлы – Жұлдыз менімен жасты. Бос уақытта асық ойнап, ләңгі теуіп, жастық шақты өткіздік", – дейді Дәрубай Әбдисаев. 

Бұл ер адамды алматылық тұрғындар жақсы біледі. Ол 2007 жылдан бері қала базарларында Мақатаевтың өлеңдерін оқып, кітаптарын сатады.

"Қалада ма, далада ма, тойда ма, маған бәрібір. Аяғым жеткен жерге барамын. Айтқан сайын айызым қанады. Өзім Мұқағалидың кітаптарын сатамын, таратамын. Мен ұрлық жасап жүрген жоқпын, шәй-тұзымды табамын. Мен бұдан байып жатқан жоқпын. Уақытым қызық өтеді, күнім көңілді өтеді. Денсаулығыма да пайдалы. Мұқағалиды құрметтемеген қазақ жоқ. Мұқағалидың өлеңдері бүкіл қазақты асырап отыр. Мен ризығымды осы Мұқағалидың кітаптарын сату арқылы табамын", – дейді ақынның туысы.   

Ең әуелі Мұқағали інісінің түсіне кіріп, аян беріпті. Сол сәттен бастап Дәрубай Әбдисаев ақын ағасының шығармашылығын насихаттауды қолға алған.
"Қыркүйекте таң алдында боз алаң, 
Бір түс көрдім тәтті ұйқымды ораған.
Ұлы ақын Мұқағали жаныма кеп қол берді,
Кәдімгідей, күнгізгідей бәрі аман.
Айтып жатыр әлденені ақтарып, 
Сөйлеп жатыр тіл шаршамай, жақ талып.
"Жырларымды жатта, інім" деді де,
Сұқ саусағын тік көрсетті де, нық танып", – деп өлеңдетті Мұқағалидың інісі.
Сондай-ақ Дәрубай Әбдисаев ағасы Мұқағали Мақатаевтың соңынан ерген қаңқу сөздерге қатысты да жауап берді.  

"Қызыл саясаттың арқасында ішімдікті түгел қазақ ішкен. Ішпегені де тозған, ішкені де тозған. Мұқағали не ішсе де, у ішсе де, арақ ішсе де, тамақ ішсе де, басын алып жүрді. Ол жөнімен ішті, елдің бәрі ішті. Мұқағалидың өлеңдері, өнері айналасындағы қаламдастарына қызғаныш туғызды, көре алмады, қолдарынан келгенше жамандық жасады, милицияға қаматты. Оның бәрін естідік. Әнеукүні Саяхат базарында келе жатып, бір жігітпен танысып қалдым. Сөзден сөз шығып, "жақында Мұқағалидың туған күні болады" деп едім, әлгі Ермек жеген жігіт: "Ой, Мұқағали алқаш қой" дейді. Содан кейін ашуланып: "Ей, Ермек, өмірің қиындасын, Басыңа қара бұлт үйіріліп, құйындасын. “Мұқағалиды алқаш” деген, сен Ермекке екі дүниенің жақсылығы бұйырмасын" дедім. Сыйға сый, сыраға бал. Өзі аямады, мен де аямадым. Мұқағали – менің ағам, бауырым. Тек менің емес, қазақтың Мұқағалиы. Бүкіл қазақтың намысы, ол бүкіл қазаққа тіл тигізіп тұр" – деп ашуланды Мақатаевтың інісі. 

Айта кетейік, Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 
 

Талқылау