"Өте күмәнді": Сыртқы істер министрлігі Зеленскийдің Орталық Азия журналистеріне берген сұхбаты туралы мәлімдеме жасады
Сыртқы істер министрлігі журналистердің қатысуымен өтетін сұхбат туралы ақпарат ресми дипломатиялық арналар арқылы өтпегенін мәлімдеді. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Украина президенті Владимир Зеленскийдің Орталық Азия елдерінің журналистеріне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Коллаж Stan.kz
БАҚ өкілдері Айбек Смадияровтан Украина президенті Владимир Зеленскийдің "Орталық Азия басшылары саммитке қатысайын десе, Ресейдің қас-қабағына қарайды" деген сөзіне байланысты түсінік беруді сұрады.
"Мен сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы ретінде Украина басшылығының сұхбатына түсініктеме бергім келмейді. Бірақ мұны біз елемей қалдыра алмаймыз және өзіміздің реакциямызды білдіру керек деп есептейміз. Бізде бар ақпарат бойынша украиналық тарап бұл жобаға өз қалауымен бастамашылық жасап, сіз айтқан сұхбатты өткізу үшін Қазақстанның бірқатар жеке БАҚ өкілдерін Киевке шақырған еді", – деді Айбек Смадияров.
Баспасөз хатшысы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің желісі бойынша ресми дипломатиялық арналар арқылы бұл ақпарат өтпегенін растады.
"Жалпы бұл сұхбатты өткізу – бізге өте күмәнді болып көрінеді. Сұхбат рационалды емес, эмоционалды болып шықты. Одан гөрі Украинаның БАҚ-тары арқылы Қазақстан аудиториясына жүгіну оңайырақ болар еді", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Айта кетейік, 24 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковтағы Ресей әскерлері бомбалаған баспаханада Орталық Азиядан келген журналистерге брифинг өткізген еді.
15-16 маусымда Швейцарияда өтетін Бейбітшілік Саммиті қарсаңында Украина президенті әкімшілігі ұйымдастырған іс-шара Орталық Азия елдерінің басшыларын саммитке шақыру сияқты көрінді. Алайда дипломатия тұрғысынан Зеленскийдің Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттерінің Кремльге қатысты "әлсіздігін" айыптай сөйлегені тосын естілді.
Зеленский сұхбат кезінде "Сіздердің көшбасшыларыңызда тепе-теңдік жоқ" деп батырып сөйлейді.
"Неге екенін түсіндірейін. Біз бейбітшілік саммитін өткіземіз. Біз соғысқа емес, бейбітшілікке алғашқы қадамдарды жасаймыз. Олар кішкентай баланың қадамы сияқты: тұрақсыз, бірақ дұрыс. Олардың қолдауы біз үшін маңызды. Біз барлығын, соның ішінде Орталық Азия көшбасшыларын да шақырдық. Мұнда тұрған қорқатындай не бар? Тек бір нәрсе қорқынышты – Путин болмайды", – деп Зеленский назын жеткізді.
Осылайша, Украина басшысы журналистерге өз елдерін Украинаның орнына қою арқылы жағдайды гипотетикалық түрде модельдеуді ұсынды.