Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда "Тіл – тұтастық туы" фестивалі өтті

“Атамекен” өнер ордасында Қазақстан халқының тілдері күніне орай “Тіл – тұтастық туы” фестивалі өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, көршілес елдерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдері, зиялы қауым, тіл жанашырлары, тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері және жастар қатысты.

Аймақ басшысы фестиваль қатысушыларын Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қастерлі құндылықты сақтау және дамытудың мән-маңызына тоқталды.

“Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады. Қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам”, – деп, мемлекеттік тілді халықты ұйыстырудың басты факторы ретінде атап өтті. Отан отбасынан басталады десек, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен бастау алады. Дәстүрге айналған “Тіл – тұтастық туы” фестивалі – өткеннің өсиетіне, бабалар аманатына адалдықтың жарқын көрінісі”, – деді Нариман Төреғалиев.

Бүгінде облыс халқының саны 700 мыңға жуықтаса, оның 21,1%-ын түрлі ұлыс өкілдері құрайды. Жыл сайын мыңдаған жерлесіміз мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарымен қамтылып келеді. Өңірдегі мектеп оқушыларының 70 пайызы, соның ішінде күні кеше 1 сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 78%-ы мемлекеттік тілде білім алуда. 2026 жылдың ІІ тоқсанының нәтижесі бойынша облыстағы жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 98% болды.

Тағылымды шарада өңірде тіл саясатын дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін бір топ азаматқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісі, Құрмет грамотасы, сондай-ақ ведомство басшысы мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 17:59