Оралда студенттер деканның қызметтен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты
Батыс Қазақстан облысында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері оқу ғимаратының алдына плакаттармен жиналып, Жаратылыстану-география факультетінің деканы Ахан Тұрғынбаевтың қызметінен кетуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин
Студенттер наразылығын "Жаңа адамдар" қоғамдық бірлестігінің жетекшілері Әсел Бәденова мен Мейіржан Ғарифоллаев ұйымдастырған. Олар Орал қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысының өздеріне кедергі келтіруге тырысқанына қарамастан, Жаратылыстану-география факультетінің деканы Ахан Тұрғынбаевқа студенттердің қойған талаптарын екі тілде жеткізді.
Жиналған жастардың айтуынша, олардың наразылыққа шығуына деканның жөнсіз әрекеті себеп болған. Олар өздерінде Жаратылыстану-география факультетінің деканы Ахан Тұрғынбаев пен Батыс Қазақстан университетінде оқитын қозғалыс белсенділері арасындағы әңгіменің аудиожазбасы болғанын айтады. Аудиожазбада декан "Жаңа адамдар" тобын экстремистер деп атайды. Сондай-ақ студенттерге қозғалысқа қатысуға тыйым салып, ал бағынбағандарды оқудан шығарамыз деп қорқытқан.
"Әңгіменің нәтижесінде Тұрғынбаев біздің 7 белсендімізден "отбасылық себептермен" оқудан шығару туралы өтінішпен ректордың атына арыз жазуын талап етіп отыр. Декан бұл арыздарды бопсалау үшін күнін жазбай сақтап отырған көрінеді. Кампуста немесе “Жаңа Адамдардың” акциясына қатысқан студенттерді оқудан шығаратынын айтты. “Жаңа Адамдар” Тұрғынбаевтан өз еркімен арыз жазуын талап етеді. Студенттердің өз еркімен оқудан шығуы оның талабы”, – деп жазды қозғалыс белсенділері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Студенттер Ахан Тұрғынбаевтың адам және Қазақстан азаматы ретінде кез келген көзқарастар мен қағидаларды ұстануға құқылы екенін, алайда өз ұстанымдарын студенттерге таңуға, тіпті университеттен шығарамын деп қорқытуға құқығы жоғын айтады.
“Мұндай адамның Жаңа, әділ Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелей алмайды. “Жаңа Адамдар” Тұрғынбаевтың дереу қызметінен кетуін талап етеді. Ректор Нұрлан Серғалиевтен оқу орнының қабырғасында болып жатқан жайттарға назар аударуын сұраймыз. Ал егер Ахан Тұрғынбаев өз еркімен қызметінен кетуден бас тартса, шара қолданып, кәсіби дәрменсіздігіне байланысты жұмыстан босатылуын талап етеміз”, – дейді студенттер.
Университет бұл наразылық акциясының рұқсатсыз ұйымдастырылғанын айтады. Оқу орнының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты кейінірек түсініктеме берді.
“Наразылыққа шыққандардың арасында ұйымдастырушыларға оқу орнынан "заңсыз шығарылуы" мүмкін деген жалған ақпарат таратқан студент болды. Қазір оның оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуы төмен деп бағаланып отыр. Сондай-ақ ол жатақханада тәртіпті бірнеше рет бұзып,тазалық талаптарын сақтамаған. Студент үнемі себепсіз сабаққа келмейді. Осылайша, ол университет жарғысы мен ішкі тәртіп ережелерін бұзған. Студент оқуын жалғастырып жатыр, оны оқудан шығару туралы бұйрық келіп түскен жоқ”, – деп мәлімдеді университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ университет наразылық ұйымдастырушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады