Оралда сот 22 жастағы жігіттің өліміне қатысты күдікті болған судьяның ұлын босатып жіберген
Оралда 22 жастағы Нариман Рагуфтың өліміне күдіктілердің бірі жергілікті судья Миржан Қадырбаевтың ұлы 17 жастағы Ержан Қадырбаев болып шықты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Уральская неделья" басылымына сілтеме жасап.
13 наурызда Орал қаласының маңында Нариман Рагуфтың пышақ жарақаты салынған денесі табылған. Сол күні полицейлер екі күдікті: 20 жастағы Ерназ Сәтбаев пен 17 жастағы Ержан Қадырбаевты ұстайды.
Бір күннен кейін Оралдың тергеу соты бір ғана Сәтбаевты екі айға қамауға алады да сот екінші күдіктіні кепілдікпен бостандыққа шығарады.
Күдіктілер тез арада табылды, өйткені олардың ақ түсті жол талғамайтын көлігі Шолохов көшесінің бойындағы айналма жолдың ауданында марқұмның досымен бірге көлігіне мінген кезде бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Ұсталғаннан кейін полицейлер аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Бұл оқиғаның жалғыз куәгері Дархан Маемиров қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның айтуынша, сол түні сағат 3.30-да Нариман екеуі Шолохов көшесіндегі "Палладиум" сауда үйінің жанындағы бардан шыққан.
- Балалар ойыны алаңында пышақтап кеткен: Алматыда 35 жастағы азаматтың денесі табылды
- "Біреудің несиесін жауып, біреудің көлігін жөндеген": Алматы облысында 14 жасар оқушының өлімін ата-анасы әлімжеттіктен көреді
- "Шектен шықты": Ер адам келінін пышақтап, денесін бөлшектеген
Бейнекамераға олардың ғимараттан шыққан сәті мен артынша ауладағы қосалқы құрылыстардың артына өтіп кеткен кезі түсіп қалған. Бірнеше минуттан кейін оларға ақ джип келеді.
"Көлікті кәмелетке толмаған бала (Ержан Қадырбаев. – Ескерту) жүргізіп келе жатқан, екіншісі (Ерназ Сәтбаев) жолаушылар орнында отырған. Олар бізге "көлікке отырыңдар, сөйлесеміз" деді. Біз көлікке отырғанда алдыңғы орында отырған жолаушының қолында пышақ бар екенін көрдім. Нариман дәретке шыққан ғимараттың өзіне тиесілі екенін айтқан ол досымды ұра бастады. Мен оған білмей қалғанымызды айта бастағанымда, ол менің тамағыма пышақ тақап, оның өткір жүзімен баса бастады. Мен енді қатты басса пышақтың жүзі тамағымды тесіп өтетінін сездім. Сосын ол Нариманның беті мен басынан пышақпен ұра бастады. Оның аузынан қан ақты. Содан кейін ол мені ұрды", - дейді куәгер.
Дархан Маемировтің айтуынша, ол өзін және Нариманды ұрып-соққан жігіттерді сол түні бірінші рет көрген. Олар өздерінің жазаланбайтындарына сенімді болғандай дөрекі әрекет еткендерін еске алады.
Басылым атап өткендей, судья Миржан Қадырбаевтың ұлы ауыр қылмыс жасады деген күдіктілер қатарында бола салысымен ол еңбек демалысына шығып кеткен.
"Уральская неделя" газетінің тілшісі судья Миржан Қадырбаевты тауып алып, оның ұлының қылмысқа қатысы бар екеніне қалай қарайтынын сұраған. "Мен бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын, енді бұл нөмірге қоңырау шалмаңыздар", - деп жауап берген судья.